Жетісу жұрты тұзды су ішуге мәжбүр

Халықтың сұрауымен елдімекенге құбыр тартуға бюджеттен 724 млн теңге бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жеті өзеннің бойындағы Жетісу жұрты тіршілік нәрінен тарығып отыр. Талдықорғанның іргесіндегі Қызылтас саяжайының тұрғындары 20 жылдан бері құдықтан тұзды су ішіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халықтың сұрауымен елдімекенге құбыр тартуға бюджеттен 724 млн теңге бөлінген. Алайда 2 жыл бұрын басталған жұмыс сиырқұйымшаққа салынып, жергілікті жұртты әбден әбігерге түсірген.

Райымбек Садырбаев 8 жылдан бері ауыз суды қаладан тасып ішіп отыр. Ол күніне кемінде 10 литр сатып алады. Қария зейнетақысының жартысын тіршілік нәріне жұмсайтын көрінеді. Ал тұрмысқа қажетті суды есік алдындағы құдықтан алып отыр.

"Кемпір екеуміз ғана тұрамыз. Бір құтыдағы су жетеді, бірақ қиын. Кейде автобуспен, кейде таксимен барып келесің, басқа амал жоқ.  Мына суды іше алмаймыз, өте тұзды", – деді Қызылтас саяжайының тұрғыны Райымбек Садырбаев.

Тіршілік нәрін Талдықорғаннан тасу үшін көпшіліктің бәрінде бірдей мүмкіндікі жоқ. Сондықтан көбі амалсыздан тұзды су ішуге мәжбүр. Қызылтасқа таза су былтыр берілуі тиіс болған. Алайда мердігер компания жұмысты сағызша созып келеді.

"Бөлім тарапынан мердігер мекемені сотқа бердік. Сотпен мекеме жұмысты толығымен аяқтап, халыққа беруге міндеттелді, жұмыстар аяқталуда. Қарашаның соңына дейін барлық құбырды жуып, халыққа су береміз", – деді Талдықорған қаласы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков.

Шенеуніктің сөзіне халық сенбейді. Өйткені мұндай жауапты сан мәрте естіген.

"Біресе көктемде, біресе қазанда қосатынын айтқан. Жарық мәселесі де шелімеді", – деді Қызылтас саяжайының тұрғыны Айгүл Бекенқызы

"Төрт көшеде жарық бар. Мектеп алыс. Кешке қараңғы болады, балаларымыз қорқады", – деді Қызылтас саяжайының тұрғыны Балауса Дудабаева.

Ал саяжайға көше шамдарын орнату жуық арада іске аспайды. Мұны халықпен кездесуге келген сала мамандары айтты. Жарықтандыруға тек 2026 жылы қаражат бөлінуі мүмкін.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Үкімет басшысы мүгедек жандарды еңбекпен қамту ісін жергілікті әкімдерге міндеттеді

Новости партнеров