Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлер палатасының өкілі мәлімдеді
Алматыда былтыр 17 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, қалпына келтірілген қаржы көлемі 4,9 миллиард теңгеден асқан. Жүйелі шаралардың нәтижесінде бизнеске түсетін әкімшілік қысым едәуір азайған. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлер палатасының өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, бір жыл ішінде арнайы кеңестің 14 отырысы өтіп, онда кәсіпкерлікке қатысты 33 өзекті мәселе қаралған. Оның 21-і оң шешімін тапқан. Сондай-ақ заң талаптарына қайшы келген 109 нұсқама күшін жойып, 80 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
"Біздің палата біріншіден, нақты орын алған құқықбұзушылық болған жағдайда кәсіпкерлердің құқығын қорғаумен, оның ішінде кәсіпкерлердің құқығын уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы қорғау және сот арқылы қорғаумен айналысады. Биыл үш айдың қортындысы бойынша кәсіпкерлердің мүддесін қорғап 16 сот отырысына қатысып, оның 10-ында жеңіске жеттік", - деді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Еркебұлан Бейімбет.
ОҚи отырыңыз: Қазақстанда жаңа рейтинг агенттігі құрылуы мүмкін