Құқықтық жағдаяттарды шешу: Алматыда конференция өтті

Басқосуға прокуратура, құқық қорғау органдары мен білім басқармасының өкілдері жиналды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары қарқынды жүріп жатыр. «Заң мен тәртіп» жобасын жандандырып, ілгерілету үшін Ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен «Құқықтық жағдаяттарды шешу» тақырыбында конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv

Іс-шараның мақсаты – білім беру ұйымдарында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау әрі қоғамдық тәртіпті нығайту мәселелерін талқылау. Басқосуға прокуратура, құқық қорғау органдары мен білім басқармасының өкілдері жиналды. Іс-шарада ғылым мен білімді интеграциялау, тәжірибе алмасу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында меморандумға қол қойылды.

«Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында көптеген іс-шаралар өткізіп жатыр.  Бұл іс-шараның, конференцияның мақсаты – жасөспірімдер арасында кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізу. Егер ондай құқықбұзушылықтар болып жатқан жағдайда қалай әрекет ету алгоритімін түсіндіру», – деді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Күнімай Омарова.

Іс-шараға тұздық болған басты тақырып – интернет алаяқтық. Цифрлық технология өркендеген сайын киберқылмыскерлер де түрлі тәсіл ойлап тауып, қанша адамның алдын орап, тақырға отырғызып келеді. Мамандар фишинг, онлайн саудадағы айлалар, банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде қоңырау шалу, инвестициялық жалған жобалар сынды негізгі схемаларды жіктеп берді. Жауаптылар қазір әр ауданда, оқу орындарында жиі тексеріс жүргізуді қолға алған.

«Алаяқтық киберқылмыс қатты дамып бара жатыр. Қылмыс көп және оқушылардың арасында, студенттердің арасында картасын үшінші тұлғаға беру туралы мәселені қозғаймыз. Біреуге ақша шешіп беру, алаяқтық алдын алу мәселесін талқылаймыз. Сонымен қатар үлкен кісілер көбінесе 1414-тен код келсе, айтып қойып жатыр», – деді Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Әмір Бауыржанұлы.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында интернет алаяқтықпен күресудің арнайы жол картасы әзірленбек

 

 

 

Новости партнеров