Құпия қызмет, нақты әрекет: арнайы жасақтың дайындығы қалай өтеді

05.05.2026 19:44

Қазақстан Қарулы күштерінің Арнайы операциялар қызметі – ел қауіпсіздігін үнсіз күзететін, ерекше дайындықтан өткен бөлім

Дәлдік, төзім және тас-түйін дайындық. Қазақстан Қарулы күштерінің Арнайы операциялар қызметі – көзге көп түсе бермейтін, бірақ ең қауіпті сәтте алдыңғы шептен табылатын сарбаздар. Бұл жасақ –  ең жауапты міндеттер жүктелетін жабық құрылымдардың бірі.

Қазақстан Қарулы күштерінің Арнайы операциялар қызметі – ел қауіпсіздігін үнсіз күзететін, ерекше дайындықтан өткен бөлім. Бұл құрылым Мемлекет басшысының армияның жауынгерлік қабілетін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында құрылған. Негізгі міндеті – терроризмге қарсы күрес, заңсыз қарулы топтардың жолын кесу мен елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Жаттығу алаңы шынайы ұрыс жағдайына барынша жақын. Әр топ өз тапсырмасына дайындалып жатыр. Нұсқаушылар бақылауда. Артық қимылға жол жоқ. Офицерге өзінің ғана шеберлігін жетілдіру жеткіліксіз, мұнда топтық үйлесім шешуші рөл атқарады. Жауынгер тек өз әрекетін емес, қасындағы серігінің келесі қадамын да сезінуі тиіс.

«Арнайы операция күштерінің жұмысы қиын, соның бір қиыншылығы – парашютпен секіру. Бұл – жауынгерлік дайындықтың қиыншылығы – адамның психологиялық жағдайын тексеріп, өзі ауаға қадам жасап, өмірін парашютқа сеніп тапсыру керек. Әр адам оны жасай алмайды. Оның бірталай дайындығы бар. Әркім ол дайындықты өте алмайды», – деді ҚР Қорғаныс министірлігі Қарулы күштер арнайы операциялар күштерінің нұсқаушысы.

Парашюттан секіретін офицердің құралдарының бірнеше ерекшелігі бар. Биіктікті өлшегіш офицерге белгілі бір биктікте секіруге болатынын көрсетеді. Келесі көз түсетін мына қызыл тетік. Ол жоспардан тыс, апатты жағдайдың алдын алу үшін керек. Қосыша, екінші парашют десек болады. Келесі мына негізгі темір, оны әр жауынгер тарту арқылы өз қолымен парашютты ашады. Парашюттың да түрлі типі бар. ¤

Биіктен секіру әрдайым жинақылықты талап етеді. Тәжірибе жауапкершілікті арттыра түседі. Бірнеше минутқа созылатын секірістің артында айлап, жылдап жасалған дайындық жатыр. Мұнда кейбір жауынгерлер тек өзі емес, қару-жарағымен, тіпті қызметтік иттерімен бірге көкке көтеріліп, бірге төмен құлдилап түседі екен. Бұл – арнайы операциялар кезінде қажет болатын машық.

«Жаттығу өте күшті. Осындай парашюттан секіру қатты ұнайды. Ауа райына байланысты ғой, Бұл менің алтыншы секіруім. Бәрі керемет!» – деді офицер.

Бұл қызметте парашютті жинаудың өзі үлкен дәлдікті қажет етеді. «Қанатты» жүйе жарты сағатта әзірленсе, күмбезді парашютті дайындауға бір сағаттан аса уақыт кетеді.

Арнайы операциялар күштері - құпиялылықты сақтай отырып, шешуші сәтте ел қорғанының берік қалқанына айналатын қызмет.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Райымбек батыр мемориалдық кешені жыл соңына дейін ашылады