«Құпия» мөрімен жатқан қолжазбалар: Алаш зиялыларының ақиқаты қашан ашылады

29.05.2026 21:47

31 мамыр – жазықсыз жапа шеккендерді, Алаш арыстарын және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

31 мамыр – жазықсыз жапа шеккендерді, Алаш арыстарын және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл дата 1997 жылдан бері ұлттық жадымызды жаңғыртып, өшкенімізді қайта тірілту, тарихи әділдікті орнату мақсатында мемлекеттік деңгейде атап өтіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv  тілшісі.

ХХ ғасырдың бірінші жартысы қазақ халқы үшін ауыр сынақ кезеңі болды. Тоталитарлық жүйенің қанды шеңгелі ұлтымыздың қаймақтарын -  Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды жүздеген Алаш арыстарын аяусыз жалмады. Сөз бостандығы мен ұлт азаттығын аңсаған тұлғалар «халық жауы» деген жалған жаламен ату жазасына кесіліп, айдалды. 1993 жылы 14 сәуірде Қазақстанда «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Ал 2020 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен құрылған Мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесінде бұрын ескерусіз қалған тұлғалардың кінәсіздігі толық дәлелденді. Алайда бұл шаруа бір күнде жүзеге асқан жоқ. Тарихшылар бұл процесті бірнеше кезеңге бөледі. 

 «Олар руханиятқа ең қажетті мәселелермен айналысты. Неге? Олардың ойы дұрыс болды бірінші, олар ұлтты ояту мақсатын, тәуелсіздікке жету жолын көздеді. Сол жолда әрбір қаламнан туған еңбекті ойланып ұлтқа пайдасы тұрғысынан жазды. Сондықтан олардың еңбегін әрқашан қастерлеуіміз керек. Бүгінгі таңда солардың көпшілігі жетпей жатыр. Неге? Оның тарихи, саяси, рухани себебі бар», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекшісі Ермұхамед Маралбек.

Бүгінде Алаш зиялыларының көптомдық шығармалар жинақтары жарық көргенімен, зерттеуші ғалымдар «Алаш арыстарының мұрасы 100 пайыз түгенделді» деп айтуға әлі ерте екенін алға тартады. Себебі Ресей және Қазақстанның арнайы қызмет архивтерінде әлі де «құпия» мөрімен жатқан мыңдаған хат мен тәркіленген қолжазбалар, материалдар бар көрінеді.

«Өкінішке қарай,Президент архиві барлық тергеу материалдарын алғаннан кейін зерттеушілер қолына бермей қиындық туғызып отыр. Бір мәселені айта кетейік, бұрынғы президент архиві кеңестік билік кезінде «партия тарихы архиві» деп аталды. Яғни осы коммунистік жүйенің қуғындаған істерін қайтадан сол мекемеге апарып өткізуіміздің өзі кішкене заңға томпақтау болды. Сонымен қатар әр өлкеде облыстарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің осындай заңсыз қудаланған тұлғалардың архивтерін сол жердегі облыстық архивтерге өткізгені дұрыс болатын еді», – деді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Рашид Оразов.

Бүгінгі буын бұл күнді басқаша қабылдай бастады. Әлеуметтік желілерде Алаш қайраткерлерінің сөздері кең тарап, тарихи подкасттар мен деректі фильмдер миллиондаған қаралым жинап жатыр. Қазіргі ұрпақ Әлиханның саяси көрегендігін, Ахметтің тіл реформасын, Мағжанның рухани философиясын жаңа көзқараспен зерделеп келеді. Бұны бүгінгі Чехов атындағы кітапханада өткен басқосудан байқамыз.

«Атаулы күндерді қоғамға бір септігін тигізетін іс-шараларды ұйымдастырып ұдайы, балалардың жадында есте сақтап қалуға мүмкіндік туғызуымыз қажет. Мектеп қабырғасында тек мектеп бағдарламасының аясында айтамыз. Бұл – ұлтжандылықты, баланың жүрегінде патриоттық тәрбиені қалыптастыратын үлкен даталар», – деді тарихшы Лашын Әбділдинова.

31 мамыр – өткеннен сабаққа алып, болашаққа нық қадам басуға жетелейтін жол. Қазір тарихшыларды алаңдатқан мәселе – мұрағат түбінде жатып, әлі де ашылмаған ақиқат. Уақыт өткен сайын сол көмескі құжаттар сөйлеп, Алаштың үнін жаңа ұрпаққа жеткізе бермек.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматы жастары зорлық-зомбылыққа қарсы үн қатты