Құрылтай депутаттарына талаптар қандай: Қарин негізгі жаңашылдықтар туралы айтты

24.01.2026 15:36

Мемлекеттік кеңесші қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін екенін айтты

t.me/consot_kz

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, осы аптада, яғни 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы саяси бағыт-бағдарын айқындап берді,  деп хабарлайды Almaty.tv.

«Жұмыс тобы әзірлеген жалпы тәсілдердің негізгілерін халық назарына ұсынды. Ұсыныстар Парламенттік реформа аясынан шығып, Негізгі заңның басқа да бөлімдерін қамтитынын атап өтті. Мемлекет басшысы конституциялық реформаға қатысты өз ұстанымдары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Өздеріңіз білетіндей, Президент жаңа Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды. Бұл бастаманың мән-маңызы – ерекше.

Мемлекет басшысы «Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек» деп нақты атап өтті. Шын мәнінде, жаңа кезеңде жаңа өкілеттікке және ерекше атауға ие болған Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады», - деді Ерлан Қарин.

Осылай деген Мемлекеттік кеңесші Жұмыс тобы конституциялық реформаға қатысты ұсынған жаңашылдықтарды тарқатып айтып берді.

«Бірінші – Құрылтайдағы депутат саны туралы. Бұл мәселе Жұмыс тобы мүшелері арасында біраз пікірталас туғызды. Біздің түпкі мақсатымыз – кәсіби әрі тиімді Парламент құру. Осыны ескере келе, Жұмыс тобы Құрылтайда 145 депутат болуы керек деген тоқтамға келді.

Екінші – Құрылтайға депутат болудан үміткерлерге қойылатын талаптар туралы. Осы мәселеге қатысты да түрлі пікір айтылды. Бұлай болуы заңды да. Кейбіреулер қазіргі талаптарды сол күйі қалдырайық, ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деген пікір айтты. Енді біреулер талаптарды барынша қатаңдату қажет деп санайды.

Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан азаматтарымыз Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт. Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Жұмыс тобы қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптар Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді»,  деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.

Ал Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданады – Мемлекеттік кеңесші