Құрылтай еліміз заңнамасын заман талабына сай жаңғыртуы керек – Президент

28.08.2026 12:25

Мемлекет басшысы "Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан заманда бейқам, жасық әрі жауапсыз болсақ, тығырыққа тап боламыз" деді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай еліміздің заңнамасын заман талабына сай жаңғыртуы қажет екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Ұлттық мүддені, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді және қазіргі әлемдік үрдістерді ескере отырып, бұл жұмысты жедел әрі сапалы атқарған жөн. Біз қазір қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып жатырмыз. Бұл – күрделі, асқан ұқыптылықты талап ететін өте қажетті жұмыс», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа этиканы қалыптастыру ел азаматтары мен мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына байланысты екенін атап өтті.

«Қоғамдық орындарда келеңсіз, жөнсіз әрекеттерге жол бермеу қажет. Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс. Бұл да – ұлттық мүддеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қоғам елдегі реформалардың нәтижесін ең алдымен депутаттардың қызметіне қарап бағалайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Парламентпен салыстырғанда Құрылтай құрамында әйелдер мен жастардың үлесі едәуір артқанын айтты.

«Ауқымды өзгерістер мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе, жаңа буынның, яғни жігерлі, отаншыл, еңбекқор жастардың келуіне себепші болды. Әкімдер құрамында, мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл – біз жүргізген реформалардың аса маңызды нәтижесі», – деді Президент.

Мемлекет басшысы институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту екенін атап өтті.

«Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес. Бізге жауапкершіліктен қашпайтын, батыл, белсенді, білімді басшылар, нақты өзгеріс жасай білетін азаматтар қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент реформаларды аяғына дейін жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

«Біз реформаларды аяғына дейін жеткізбей, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, олар бізді ешқашан кешірмейді. Қазіргідей көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан заманда бейқам, жасық әрі жауапсыз болсақ, тығырыққа тап боламыз», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ертеңі әр депутаттың ынта-ықыласына, қажыр-қайратына және отаншылдығына байланысты екенін айтты.

Президент Құрылтайдың бірінші шақырылымын ел дамуының жаңа белесі деп бағалады.

«Халық сіздерге зор сенім артып отыр. Енді сол сенімді ақтап, қоғамға пайдасы тиетін шаруамен айналысу қажет. Әрбір шешім елдің тағдырына, мемлекеттің болашағына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әр қадам байыппен жасалуға тиіс. Жеке бастың мүддесі емес, елдің мүддесі басты орында тұруы керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Құрылтай мемлекет пен халықтың арасында дәнекер болып, ұлтты ортақ іске ұйыстыруы қажет екенін айтты.

«Қазақстан парламентаризмін дамытуға елеулі еңбек сіңірген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Ең басты игілік – бірлік» деген тамаша сөзі бар. Шын мәнінде, біз ырысты ынтымағымыздың арқасында мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтып, нық сеніммен алға қадам басып келеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөз соңында ауызбіршілікті сақтаудың маңызын атап өтті.

«Береке бірлік бар жерге ғана тұрақтайды. Ауызбіршілігімізді сақтай білсек, әлі талай белесті бағындырамыз. Барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Президент Құрылтайға ұлттық заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкес келтіруді тапсырды

Толық көрсету