Құрылтай құрамына енген журналист-депутаттар кімдер

27.08.2026 14:46
Almaty.tv

Құрылтайдың бірінші шақырылымына журналистика және медиа саласында еңбек еткен 11 азамат депутат болып сайланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дихан Қамзабекұлы

Дихан Қамзабекұлы – белгілі алаштанушы ғалым және баспасөз саласының өкілі. Ол М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек еткен. Кейін “Егемен Қазақстан” газетіне басшылық етті, қазір “Қазақ газеттері” серіктестігінің бас директоры.

Жанарбек Әшімжан

Жанарбек Әшімжан “Жас Алаш”, “Ана тілі” және “Қазақ әдебиеті” газеттерінде қызмет атқарған. Ол “Ана тілі” басылымының бас редакторы болды. Кейін Мәжіліс депутаты болып сайланып, “Масс-медиа туралы” заң жобасын әзірлеген жұмыс тобын басқарды.

Максим Рожин

Максим Рожин журналистика және медиаменеджмент саласында еңбек еткен. Әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдары мен “Қазконтент” компаниясында басшылық қызметтер атқарды. 2023–2026 жылдары Мәжілістің VIII шақырылым депутаты.

Сергей Пономарев

Сергей Пономарев журналистік еңбек жолын Қазақ радиосында редактор әрі жүргізуші болып бастаған. Кейін КТК телеарнасында тілші және жаңалықтар жүргізушісі, “Хабар” агенттігінде шолушы болып жұмыс істеді. 2023–2026 жылдары Мәжіліс депутаты болды.

Армангүл Тоқтамұрат

Армангүл Тоқтамұрат – “Қазақстан” ұлттық телеарнасының журналисі және тележүргізушісі. Көрермен оны “Ақпарат” пен “Жедел желі” бағдарламалары арқылы таниды. Ол әлеуметтану мамандығын тәмамдап, әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін алған.

Ирина Тен

Ирина Тен – “Қазақстан” ұлттық телеарнасындағы “Таңшолпан” бағдарламасының жүргізушісі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Телевизиядағы еңбек жолын студент кезінде бастаған.

Жарқынбек Амантайұлы

Жарқынбек Амантайұлы – филолог және журналист. Ақпарат саласында жұмыс істегеннен кейін 2023 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланды.

Ләззат Қожахметова

Ләззат Қожахметова – журналист, оқытушы және қоғам белсендісі. Ол “Талбесік” көпбалалы аналар одағы” қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған. Бірлестік арқылы көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, жәрдемақы және тұрғын үй мәселелерін көтеріп келеді.

Қарлығаш Жаманқұлова

Қарлығаш Жаманқұлова медиа саласы мен сөз бостандығын қорғау бағытында еңбек еткен. Ол АҚШ елшілігінде өңірлік медиа жөніндегі кеңесші, Еуропалық одақ өкілдігінің баспасөз және ақпарат бөлімінде қызметкер болды. 2022–2026 жылдары “Әділ сөз” халықаралық сөз бостандығын қорғау қорын басқарды.

Ерлан Тоқшылық

Ерлан Тоқшылық – журналист және медиаменеджер. Ол Солтүстік Қазақстан облыстық “Qyzyljar” телеарнасын 14 жыл басқарған. Кейін жоғары оқу орнына ауысып, Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.

Мақсұт Насибулов

Мақсұт Насибулов – “Социал-демократ” газетін редакциялаған. 

Толық көрсету