Жаңа талап бойынша енді электрлі самокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аумағында жүруге қатаң тыйым салынды.
Бір сағаттың ішінде 50-ден астам заңбұзушылық тіркелді. Қатаң талаптар күшіне енген алғашқы күннің өзінде алматылық самокат жүргізушілері айыппұл арқалады. Полиция қызметкерлері кикшеринг компанияларының өкілдерімен жұмыла ауқымды рейд өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаладағы тротуарлар электр самокат жүргізушілері үшін ресми түрде тыйым салынған аумаққа айналды. Бұл жермен алды-артына қарамай зырғып өту – енді көзден бұлбұлдай ұшады. Тәртіп сақшылары мұны қатаң бақылауда ұстап отыр. Полиция департаменті мен самокаттарды жалға беретін компаниялар бірлесе ұйымдастырған рейдтің мақсаты – заңбұзушылықтарды анықтау ғана емес, қос дөңгелекті көлік құралын пайдалану кезінде туындайтын мәселелерді зерделеп, өз құзыреті аясында оларды тез арада шешу.
«Ең алдымен, самокат пайдаланушылардың жүргізуші куәлігі бар ма, жоқ па соған мән береміз. Сондай-ақ, құжаты жоқ немесе көлік басқару құқығынан айырылған азаматтардың самокат пайдалануына кикшеринг компаниялары шектеу қоя ала ма деген мәселені де қараймыз. Бұдан бөлек, тротуармен жүруге тыйым салынғанын бақылаймыз», – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов.
«Жылдың басынан бері Алматы қаласында самокаттардың қатысуымен 74 жол-көлік оқиғасы орын алды, 79 адам жарарақат алды. Бұл – алаңдататын статистика. Элекстрсамокаттарға әкімшілік кодекстің 615 бабының нормалары бойынша кем дегенде 2 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Егер бір жылдың ішінде тағы да құқықбұзушылыққа жол берсе, жаза мөлшері өседі, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Десе де қос дөңгелекті көлікті тізгіндеп, жүйткігендер жаңа ережелерді сақтауға әлі дайын емес. Талаптарды елемеген заң бұзушылар әр минут сайын полиция қызметкерлерінің құрығына түсті. Көпшілігі бұрыннан қалыптасқан әдетпен тыйым салынған аумақтарда жүрген. Оларға айыппұл салынып, жаңа талаптар түсіндірілді.
БЛИЦ:
«Бізге ескертілген. Бірақ жақын жер болған соң үлгеріп қаламын деп ойладым. Көріп тұрғандарыңыздай, айыппұл салынды».
«Бәрі орынды. Жігіттер өз жұмысын істеп жатыр. Мен өзім де самокатпен талай рет жүріп, бірнеше рет жол-көлік оқиғасына тап болдым. Енді түзелу керек, өзіңмен жұмыс істеу керек. Жалпы, тротуармен жүруге болмайды. Каска киіп, жүргізуші куәлігін алып, жолда абай болу қажет».
Қала тұрғындары жаңа өзгерістерді қос қолдап қолдап отыр. Себебі олар жылдамдықты шектен тыс асырып, ережелерді елемей есіргендердің талай рет құрбаны болған.
«Мені неше рет соғып кете жаздады. Өзіміз қашамыз олардан, олар қашпайды. Адамдарға өте қауіпті. Бұны тоқтату керек. Көлікке қандай айыппұл салады, оларға да сол мөлшердежауапкершілік арту керек», – деді қала тұрғыны.
«Мұндай талаптардың енгізілгеніне өте қуаныштымын. Менің қызымды самокат қағып кеткен. Қолдары көгеріп, қымбат телефоны да сынып қалды. Тағы бір танысымды самокат қағып, енді ол әлі күнге дейін балдақпен жүр», – деді қала тұрғыны.
Айта кетейік, егер веложолақ болса, самокат жүргізушілері тек сол жолмен жүруге тиіс. Ал болмаған жағдайда, белгіленген талаптарға сәйкес жолдың оң жақ шетімен немесе жиекпен жүруге рұқсат етіледі. Сондай-ақ электрлі құрылғыны тек кәмелетке толған, жүргізуші куәлігі бар азаматтар қорғаныш дулығасын киіп тізгіндеуге тиіс. Ал жаяу жүргіншілер өткелімен жүрген кезде жүргізуші самокаттан түсіп, оны жетектеп өтуі қажет.
Айдана Шалқар, Жанна Руслан, Ханкелді Ахметхан
¤