Жаңа қағидаттар - азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды қадам
«Күшіне енген Ата Заң халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған». Жаңартылған Конституцияның қоғам өміріндегі маңызына тоқталған сарапшылар құжаттың әділетті қоғам құруға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге басымдық бергенін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Олардың пікірінше, жаңа қағидаттар - билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтуға және азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды қадам.
«Халық болған жерде әлеуметтік өмірдің сұраныстары көп болады. Мұның бәрін заңдық негізде реттеу үшін жаңа Конституция енгізілді. Ең бастысы – әділетті қоғам қағидаты. Барлық заң халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Берекет Кәрібаев.
Сондай-ақ білім және ғылым саласының өкілдері жаңа Конституцияда адами капиталды дамытуға ерекше басымдық берілгенін айтып, бұл ғылым мен инновацияның дамуына жаңа серпін береді деген сенім білдірді.
«Білім және ғылым саласында жұмыс істейтін азаматтар үшін жаңа Ата Заңның рөлі ерекше. Себебі құжатта білім, ғылым және инновацияға қатысты маңызды нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, “Білім, ғылым және инновация – адами ресурстарды дамытудың мемлекеттік стратегиялық бағыты” деп нақты көрсетілген», – деді Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Нығметов.
Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауына үгіт-насихат 23 шілдеде басталады - ОСК