Құрылтай сайлауы: Астанада жоғары лауазымды тұлғалар дауыс берді

Олжас Бектенов, Мәулен Әшімбаев және Ерлан Қарин өз таңдауын жасады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғалары Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады. Алғашқылардың бірі болып Премьер-министр Олжас Бектенов дауыс беріп, азаматтық міндетін орындады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ал Мәулен Әшімбаев Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы сайлау учаскесінде таңдауын жасады. Бұрынғы Сенат төрағасы бұл күнді тарихи оқиға деп атап, Құрылтай сайлауын Мемлекет басшысының кешенді саяси реформаларының жалғасы ретінде бағалады.

«Еліміз үшін бүгін өте маңызды күн, тарихи күн. Қазақстандықтар Құрылтай депутаттарын сайлауда. Сондықтан бұл сайлауды Президентіміздің кешенді реформаларының дәйекті жалғасы деп қабылдаймыз. Елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Бәріміз бірге Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы (2020-2026) Мәулен Әшімбаев.

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де бүгін өз таңдауын жасады. Ол №129 учаскеге барып, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты. Ерлан Қариннің айтуынша, бұл сайлау – елдің саяси дамуындағы маңызды белес.

«Кез келген, әрине, науқан өте маңызды. Бірақ бұл жолғы сайлауды шын мәнісінде тарихи оқиға деп айтуға болады. Себебі наурыз айында біз сіздермен жаңа Конституцияға дауыс бердік. Бірінші шілдеде жаңа Конституция өз күшіне енді. Ал бүгін осы сайлаудың нәтижесінде жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрамы анықталмақ. Сондықтан бұл шын мәнінде тарихи оқиға, бұл жаңа дәуірдің басы», – деді ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин.

Оқи отырыңыз: ТМПА бақылаушылары: Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде өтіп жатыр