Алматыда түрлі сала өкілдері Құрылтай сайлауына белсенді қатысып жатыр

Кей сайлау учаскесінде сайлаушыларды домбыра үнімен қарсы алды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Құрылтай сайлауына түрлі сала өкілдері белсенді қатысып, өз таңдауын жасап жатыр. Олардың қатарында тіл жанашырлары, дінтанушылар мен өнер майталмандары бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мегаполисте ерекше қажеттілігі бар 9,5 мыңнан астам азамат тіркелген. Олардың дауыс беру құқығын кедергісіз жүзеге асыруы үшін учаскелерде тиісті жағдай қарастырылған. 

Медеу ауданындағы №377 сайлау учаскесінде тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін арнайы фотоаймақ әзірленген. Сайлаушылар мұнда естелік суретке түсіп, саяси науқанның әсерлі сәттерін сақтап қалуға мүмкіндік алып отыр.

Сондай-ақ учаскеде «Парасат» этно тобы өнер көрсетіп, түрлі күй орындауда. Домбыраның қоңыр үні дауыс беруге келген жұртқа ерекше көңіл күй сыйлап, учаскедегі мерекелік ахуалды жандандыра түсті.

Жалпы №377 сайлау учаскесінде 2 мың 685 сайлаушы тіркелген. Оның біреуі биыл алғаш рет өз таңдауын жасап отыр. Әзірге үйден дауыс беруге өтініш түспеген. Мұнда түрлі сала өкілдері де келіп, азаматтық таңдауын жасап жатыр.

«Біз тарихи кезеңнің алдында тұрмыз. Бүгін - Құрылтай сайлауы, мен еліміздің әрбір азаматын келіп дауыс беруге шақырамын. Өзім үлгі болып келіп тұрмын. Өйткені бұл біздің адамзат, ұрпақ, өзіміз, арымыз, мемлекетіміз Конституцияның алдында, тіпті Жаратушының алдындағы борышымыз деп білемін», – деді дінтанушы, имам Нұрлан Байжігітұлы.

Айта кетейік, Алматыда мүгедектігі бар 9 мың 566 азамат тіркелген. Олардың кедергісіз дауыс беруі үшін учаскелерде Брайль қарпімен әзірленген трафареттер, үлкейткіш лупалар, құлаққаптар мен арнайы орындар қарастырылған.

Сондай-ақ дауыс беру тәртібі туралы қажетті ақпарат қолжетімді форматта ұсынылады.

Ал саяси науқан кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы: Астанада жоғары лауазымды тұлғалар дауыс берді