Құрылтай: ұлтты ұйыстырған ұлы дәстүрдің жаңа дәуірдегі жалғасы

23.08.2026 20:42

Қазақ тарихында құрылтайдың негізгі қызметі – елдік мәселелерді талқыға салып, көптің кеңесімен оңтайлы шешім шығару болды

«Құрылтай қазақ тарихында ұлтты ұйыстырған ұлы дәстүр болды». Тарихшылар осылай дейді. Бұл ұғым сонау түркі және моңғол халықтарының саяси өмірінде пайда болған. Сол кезеңде Құрылтай ру-тайпа басшыларының, ақсүйектердің, билер мен қолбасшылардың басын қосқан ең жоғарғы кеңес ретінде белгілі болған. Бертін келе Қазақ хандығы құрылып, өз алдымызға ел болғанда, бұл ұғым жаңа мазмұнға ие болды. Тәуелсіз Қазақстанда да ел бірлігі мен сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқару жүйесі ретінде қайта жанданды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазақ тарихында құрылтайдың негізгі қызметі – елдік мәселелерді талқыға салып, көптің кеңесімен оңтайлы шешім шығару болды. Сыртқы саясатты айқындап, бітім жасау, халық тыныштығы мен ішкі тұрақтылыққа қатысты жағдайлар дәл осы халықтық кеңестерде қаралды.

«Жалпы «Құрылтай» сөзі бұл ежелден Түркі дәуірінен бастап қолданыста бар. Бірақ енді нақты ресми белсенді түрде осы Шыңғыс ханның дәуірінен бастаймыз. Жалпы «Құрылтай» сөзі «бірігу, жиналу, құрылу» деген сияқты мағына білдіреді. Бұл енді «ағайын-туыстың басының бірігуі» деген сияқты мағыналармен сәйкес келеді», – деді тарихшы Еркін Өтепов.

Түп тарихымызда елдік сынға түскен сәт аз болған жоқ. Осындай күрделі кезеңдерде құрылтайлар халықтың күшін біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдырудың тиімді жолына айналған.

«1723-1727 жылдарда болған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде қазақтың басына түскен нәубеттен құтылу мақсатында 1726 жылы «Ордабасы» құрылтайын өткізді. Әбілқайыр қол бастап, бүкіл сол құрылтай шешімінің нәтижесінде біз Бұланты шайқасында, сосын Аңырақай шайқасында үлкен жетістіктерге жеттік. Яғни, қазақ халқының құрып кету қаупінен сол Құрылтайдың шешкен мәселесі үлкен себеп болды деп айтсақ болады», – дейді тарихшы Еркін Өтепов.

Уақыт өте ұмыт болған, ұлтты ұйымдастырған ұлы дәстүр қайта жанданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы алғашқы басқосуды ұлт ұясы Ұлытауда өткізуді жөн санады. Одан кейінгі Құрылтайлар киелі Түркістан жерінде, Атырауда және Бурабайда ұйымдастырылды. Ал биыл қаңтарда бесінші жиын Қызылордада өтті.

«Алғашында 2022-23 жылдардың кезеңінде Ұлттық Құрылтай ретінде көрінді. Ұлттық Құрылтай болғаннан кейін оның өзінің атқарған функциясы болды. Оның функциясы – халықпен бірге диалогпен кездесе отырып, жалпы мемлекетіміздегі болған саяси реформаларға халықпен арадағы үндестікті шешу болатын», – деді саяси ғылымдарының докторы Жомарт Симтиков.

Қызылордада өткен соңғы Құрылтайда Мемлекет басшысы ел тарихын айқындап, жарқын болашаққа бастар бірқатар ұсыныс айтты. Дәл сол жиында Қасым-Жомарт Тоқаев екі палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бірпалаталы заң шығарушы орган құрып, оны «Құрылтай» деп атауды ұсынды.

«Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам, қысқаша айтқанда, «Құрылтай» деген атау беру керек деп сенемін», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Солайша, сонау түркі және моңғол халықтарының саяси өмірінен бастау алған «Құрылтай» бүгінде қазақ жерінде тағы бір мазмұнға ие болды. Бірақ негізгі қызмет аясы өзгеріссіз. Ол – елдік мәселелерді шешу, сындарлы сыртқы саясат ұстану, халық қауіпсіздігі мен ұлт болашағын айқындау.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Президент Құрылтай депутаттарына қандай міндет жүктелетінін айтты

Толық көрсету