Құрылтайда заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізу ұсынылды

24.01.2026 16:04

Ерлан Қарин Парламентте екінші палатаның болмауы заң шығаруға кедергі келтірмеуге тиіс екенін айтты

t.me/consot_kz

Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин өз сөзінде бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі қалай ұйымдастырылатыны туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бұл мәселе де Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде, Құрылтай жұмысына заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізу ұсынылды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді», - деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин заң шығару үдерісінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету мәселесі көтерілгеніне тоқталды.

«Парламентте екінші палатаның болмауы бұған кедергі келтірмеуге тиіс. Сондықтан Парламент болмаған кезде заң шығару функциясы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы – Президентке жүктеледі. Жұмыс тобы осындай ұсыныс енгізді», - деді Е. Қарин.

Оқи отырыңыз: Пропорционалды сайлау жүйесі саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді – Қарин