Алдағы жылдары отандық өнімнің үлесін 80%-дан асыру көзделіп отыр
Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында берілген міндеттер аясында экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қазіргі таңда құрылыс материалдарының 73%-ы елімізде өндірілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол цемент, бетон, темірбетон және гипсокартон бойынша ішкі нарық толық қамтылып отырғанын, сонымен қатар сұранысқа ие өнімдер бойынша жаңа зауыттар ашылып жатқанын атап өтті.
«Мысалы, испандық Roca компаниясы Қызылорда облысында санитарлық керамика өндіретін зауыт салуда. Бұл – Қазақстандағы алғашқы осындай зауыт. Қарағандыда клинкер плиткасын өндіретін, жылу материалдарын шығараты жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы, биыл салада 45 жоба іске қосылады», — деді Ерсайын Нағаспаев.
Сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрі алдағы жылдары отандық өнімнің үлесін 80%-дан асыру көзделіп отырғанын айтты.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы Наталия Сац атындағы театр қайта жаңғыртудан кейін көрермендерге есігін қайта ашады