Қазақстан киберқылмысқа қарсы күресте басқа елдермен өзара іс-қимылды күшейтеді

04.11.2026 16:57

Конвенция - ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күреске бағытталған алғашқы халықаралық шарт

Аlmaty.tv

Құрылтай Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялады. Құжат компьютерлік жүйелердің, желілер мен деректердің құпиялылығын, тұтастығы мен қолжетімділігін бұзуға қатысты, сондай-ақ оларды заңсыз пайдалануға байланысты қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv. 

2001 жылғы 23 қарашада Будапештте жасалған Конвенция - ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күреске бағытталған алғашқы халықаралық шарт. Бүгінде оған АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония, Ұлыбритания және Еуропа мемлекеттерін қоса алғанда, 80-нен астам ел қатысады.

Конвенцияға қосылу Қазақстанға осындай қылмыстық құқықбұзушылықтарды тиімді анықтау және тергеп-тексеру, оларға ұлттық және халықаралық деңгейде қылмыстық қудалау жүргізу, сондай-ақ жедел әрі сенімді халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін осы елдермен бірлесіп әрекет етуге мүмкіндік береді.

Құжатта экстрадицияны, ақпарат алмасуды және бірлескен тергеу әрекеттерін жүргізуді қоса алғанда, халықаралық құқықтық көмек тетіктері қарастырылған. Бұл трансшекаралық қылмыстарды ашуда Қазақстанның мүмкіндіктерін кеңейтіп, киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға жол ашады.

Оқи отырыңыз: Құрылыс материалдарының 73%-ы елімізде өндіріледі

Толық көрсету