Құтқарушылар ерекше қажеттілігі бар азаматтарға оқу-жаттығу өткізді

25.11.2026 21:11

Мұнда әр санаттың ерекшелігіне қарай 16 және 25 сағаттық арнайы оқу бағдарламалары қарастырылған

Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігі үйретіліп жатыр. Құтқарушылар есту және көру қабілеті бұзылған жандарға өрт кезінде қауіпсіз жерге шығу жолдарын тәжірибе жүзінде көрсетті. Арнайы оқу-жаттығу барысында шартты түрде зардап шеккен адам ғимараттың төртінші қабатынан құтқарылды. Игі бастама 21 қарашада басталған республикалық «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дабыл дыбысын естімейтін немесе эвакуациялық шығу жолын көре алмайтын жандар үшін өрт кезінде қауіпсіз жерге жету қиын. Осыны ескерген құтқарушылар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға Брайль қарпімен әзірленген қауіпсіздік жадынамаларын таратып, төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндірді. Сондай-ақ қауіп төнген сәтте көмекке шақыруға арналған ысқырық пен қолшам сияқты құралдарды сыйға тартты.

«Көмекке аса мұқтаж жандарға арнайы әзірленген Брайль қарпіндегі нұсқаулықтар ұсынылды. Онда қауіпті жағдайға тап болған кезде қандай әрекет жасау керектігі түсіндірілді. Сонымен қатар бүгінгі сыйлық та ерекше болды. Ол жай ғана естелік зат емес, қандай да бір тосын оқиғаға немесе төтенше жағдайға тап болған кезде көмекке шақыруға қажетті құралдар», – деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Ақтыныс Айтбекқызы.

Алматыда былтыр ашылған Азаматтық қорғау саласындағы оқыту және даярлау орталығында тұрғындар 20 санат бойынша тегін білім алады. Мұнда әр санаттың ерекшелігіне қарай 16 және 25 сағаттық арнайы оқу бағдарламалары қарастырылған.

«Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсететін ұйымдардың басшыларын 16 сағаттық бағдарлама бойынша оқытамыз. Яғни төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп, теориялық білім беріп, практикалық дағдыларды қалыптастырамыз. Барлық оқу курстары тегін жүргізіледі», – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қуаныш Оспанов.

Өрт қауіпсіздігі онкүндігі аясында ұйымдастырылған оқу-жаттығудың негізгі кезеңінде құтқарушылар арнайы автосатының көмегімен шартты түрде зардап шеккен адамды төртінші қабаттан қауіпсіз жерге түсірді. Сондай-ақ «Алатау» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының келушілеріне жоғарғы қабаттардан қауіпсіз түсу тәсілдері көрсетілді. Айта кетейік, 2022 жылы ашылған орталық қазір бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 200 азаматқа қызмет көрсетеді.

«Өздеріңіз білетіндей, біздің қызметкерлер де мұндай жағдайда, яғни төтенше жағдай кезінде ең алдымен не істеу керектігін біледі. Дегенмен қалалық немесе аудандық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары келіп, осындай оқу-жаттығу шараларын тұрақты өткізіп тұрғаны дұрыс деп ойлаймын», – деді «Алатау» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Назира Өміржанова.

Республикалық өрт қауіпсіздігі онкүндігі 30 қарашаға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында мамандар еліміздің барлық өңірінде өрттің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Мәди Мәлік. Ғани Қалуов. «Алматы» телеарнасы.

Толық көрсету