Құтқарушылардың қызметі мен жеке өмірі фильмге арқау болды
Көрмеге заманауи құтқару техникасы мен арнайы жабдықтар қойылды
Алматыда құтқарушылардың қызметіне арналған «Соңыра» көркем фильмінің премьерасы өтті. Туындыда өрт сөндірушілердің кәсіби борышы, адам өмірін сақтап қалу жолындағы жанқиярлық еңбегі және жұмыстан тыс өмірі баяндалады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Картина кейіпкерлерінің тағдыры әртүрлі. Бірі құмар ойынға әуес болса, енді бірі науқас жұбайына ем іздейді. Үшіншісі отбасын жоқшылықтан шығаруды армандайды. Алайда олардың қызметтегі жауапкершілігі ортақ. Фильмнің негізгі идеясы – өзгелерді құтқарып жүрген мамандардың өзіне де қолдау қажет екенін көрсету.
«Кейіпкерлердің жұмысын қызықты етіп көрсету үшін өрт сөндірушілерді таңдадық. Өйткені олардың қызметі өте ауыр. Олардың өзгелерді құтқарып жүріп, өз айналасындағы адамдарға, отбасына қалай көмектесетіні бізді қызықтырды. Сол себепті фильмнің негізгі ойы – құтқарушыларға да құтқарушы керек дегенге саяды», – деді актриса Дариға Бадыкова.
Премьера аясында қонақтар құтқару бөлімшелерінің жұмысымен де танысты. Көрмеге заманауи құтқару техникасы мен арнайы жабдықтар қойылды. Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің кинологтары қызметтік иттердің шеберлігін көрсетті.
«Жыл басынан бері Алматы құтқарушылары 300 мыңнан астам шақыртуға шықты. Өрт орындарынан 800-ден астам адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 360-тан астам адамның өмірі құтқарылды. Бүгін Алматы құтқарушыларының батылдығы мен ерлігін дәріптейтін туындының жарық көруі – біз үшін қуанышты жағдай», – деді ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері Гүлдана Нұрымбетова.