Қылмыстық іске куә болған: Ақмола облысында дәрігер көз жұмды

12.10.2026 19:29

Марқұмның денесін туған бауыры тауып алған

Ақмола облысында 38 жастағы дәрігер көз жұмды. Марқұм Есіл аудандық ауруханасында терапевт болып жұмыс істеген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның өлімінің мән-жайы әзірге анықталмаған. Туыстарының айтуынша, қайтыс болардан аз уақыт бұрын дәрігерді Көкшетаудағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне қылмыстық іс бойынша куә ретінде жауап беруге шақырған. Ертесіне ол жұмысқа шықпаған. Сол күні кешке марқұмның денесін туған бауыры тауып алыпты. Қоштасу хаты да табылған. Жақындары оқиғаның жан-жақты тергелуін талап етіп жатыр.

«Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, Есіл ауданының 38 жастағы тұрғыны өзіне қол жұмсаған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда», – деді Ақмола облыстық Полиция департаментінің аға инспекторы Әсем Әбдірахманова.

Оқи отырыңыз: Ашық қалған құдықтар: Шымкентте аяқсыз қалған жұмыс тұрғындарды алаңдатты

Толық көрсету