Президент әділетті, күшті Қазақстанды құру баршамызға ортақ міндет екенін еске салды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясының ашылуында Халық Кеңесін жасақтау жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталады. Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган. Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. Шын мәнінде, бұл – бірегей орган», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, осылайша қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институттары жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін беріледі.
Мемлекет басшысы сөз соңында отаншыл азамат үшін халқына адал қызмет етуден асқан бақыт жоқ екенін атап өтті.
«Нағыз отаншыл азамат үшін өз халқына адал қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әділетті, Күшті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Ел аманатына адал болу – парыз. Сіздер осы жолда табанды еңбек етесіздер деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Құрылтай жұмысына табыс тілеп, Қазақстанның өсіп-өркендей беруін тіледі.
Оқи отырыңыз: Еліміз аса маңызды кезеңге аяқ басты – Президент Құрылтайдың бірінші сессиясын ашты