Қырық жылдық тарих: қос ансамбль мерейтойын атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өнердің қос қанатына биыл 40 жыл! Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Адырна» мен «Алтынай» ансамбльдерінің мерейтойына арналған концерт өтті. Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен құрылған қос өнер ұжымы қырық жыл бойы қазақтың ұлттық музыкасы мен би өнерін насихаттап, мәдени мұраны дәріптеуге үлес қосып келеді, деп хабарлайды Almaty TV.

Мерекелік іс-шара баспасөз конференциясынан басталды. Оған ансамбльдердің алғашқы құрамында болған өнерпаздар қатысып, өткен күндерден естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар «Өнердің қос қанаты» кітабының тұсауы кесілді.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақ «Адырна» ансамблінің алғашқы әншілерінің бірі болғанын еске алды. Оның айтуынша, филармонияға жұмысқа қабылданған кезде ансамбльге Мадина Ералиева екеуі қатар қабылданған. Сондай-ақ ол бұрынғы сахналық киімдердің эскиздерін көріп, өткен күндерді еске алғанын жеткізді.

«Алматыға филармонияға жұмысқа қабылданған кезде “Адырна” ансамбліне әнші болып қабылдандым. Ансамбльге екі адам қабылданса, соның бірі – Мадина Ералиева, екіншісі мен едім. Қазір бұрынғы ескі киімдердің эскиздеріне қарап тұрып, талай тарихты еске алғандай сезімде отырмын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақ.

Сонымен қатар өнер саласында аянбай еңбек етіп жүрген ансамбль жетекшілері мен әртістері «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал концерт бағдарламасында «Адырна» ансамблінің дәстүрлі музыкалық шығармалары мен «Алтынай» ансамблінің ұлттық би қойылымдары көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.

«Бүгін көптен бері асыға күткен концертіміз де келіп жетті. “Өнердің қос қанаты” – “Алтынай” мен “Адырна” ансамбльдерінің 40 жылдық мерейтойы баршаға құтты болсын! Өте қуаныштымыз. Осы мерейтойдың құрметіне бүгін марапат алып жатырмыз, қатты толқып тұрмын», – деді «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің әртісі Әсел Күбеген.