Қыз қуу, аударыспақ, көкпар және теңге ілу: елордалықтар ұлттық ойындарды тамашалауда

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада Наурыз мейрамында 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

14 Наурызда басталған онкүндік аясында ұлттық болмысымызды дәріптейтін, салт-дәстүрімізді жаңғыртатын мазмұнды бағдарламалар қолға алынған. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттер, театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар, сондай-ақ заманауи дрон шоулары өтеді. Мерекелік іс-шаралар шаһардың бірнеше алаңында қатар ұйымдастырылып, көптің көңілін көтеруде.

«Арғымақ» ат спорты кешенінде Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатымен тойлануда. Алаңда қыз қуу, аударыспақ, көкпар және теңге ілу сияқты ұлттық ойындар ойнатылып, көрермен назарына ұсынылуда. Әр ойын халқымыздың батылдығы мен ептілігін, күш-қайраты мен шеберлігін айшықтай түскендей.

«Наурыз – табиғаттың жаңаруы Қыстан аман шыққанның белгісі, сондықтан ел тойлайды, мал жайлауға шығады», – деді «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінің ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Әділхан Төкенов.

  Қала халқы мұндай іс-шаралар Наурыз мейрамының мәнін терең түсініп, ұлттық рухты жаңғыртып, жас ұрпаққа салт-дәстүрдің қадірін ұғындыруға зор үлес қосатынын айтты.

«Ат жарыс болады деп келдім. Ауылда өскен қызбын ғой, тойды сексенге келсем де селкілдеп, қуанып отырмын», – деді Алматы қаласының тұрғыны Жәмиға қажы

«Аттың құлағында бала кезімізде ойнап едік, қой бақтық. Қазақтың салты, дәстүрі көрсетіліп жатқанына өте ризамын. Наурыз – жылдың басы, елімізге, халқымызға ертеңгі күніне амандық тілеймін», – деді қала тұрғыны Аманжол Жүзбаев.

Наурыз мерекесі шетелдік туристердің де қызығушылығын тудырған. Америка Құрама Штаттарынан арнайы келген Томас Уислер осы іс-шараның қонағы болды.

«Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Бүгінгі іс-шара керемет болды. Өте әсерлі, маған қатты ұнады. Ұлттық мереке, спорт, мәдениет, ұлттық нақыш  - бәрі тамаша ұйымдастырылған. Спортшылар да мықты. Достарыма сіздер жайлы айтып баратын болдым. Суретке де түстік. Алдағы уақытта Қазақстанға тағы келгім келеді», – деді турист Томас Уислер.

Наурыз мейрамын тойлау алдағы уақытта да жалғаса береді. Мерекелік іс-шаралар қаланың барлық ауданында, соның ішінде елдімекендерде де өтеді. Алаңдарда қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, концерттер мен түрлі бағдарламалар ұйымдастырылады.

Еске салайық, 14 наурызда басталған «Наурызнама» онкүндігі аясында Астанада 200-ден астам мерекелік іс-шара өтіп жатыр.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз:  Президент Ұлыстың ұлы күніне арналған концертті тамашалады

Новости партнеров