Қаздай қатар қонған алпысқа тарта киіз үй нағыз қазақы ауылдың үлгісін бейнелейді
Наурыз жыл өткен сайын заман ағымымен жаңарып, ұлт пен ұлысты ұйыстыратын ортақ мерекеге айналып келеді. Сондықтан Әз Наурыз – тек мереке емес, тұтас түркінің тамырында тулап жатқан тіршілік. Өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаздай қатар қонған алпысқа тарта киіз үй нағыз қазақы ауылдың үлгісін бейнелейді. Әр үйдің алдында – тарихтың тынысы. Көрме – көздің қуанышы ғана емес, көңілдің қазынасы. Мұндағы әр бұйым – өткеннің ізі. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеген ұжымдар ұмыт қалған ұлағатты істерді жаңғыртты. Иіліп сәлем салған келіндер инабаттылықты көрсетсе, күбі піскен келіншектер ырыстың нышанын байқатты. Бұл күні асыл аналар наурыз дәмін әзірлесе, қазыналы қариялар ақ батасын жаудырды.
«Күн мен түннің теңесуі, халықтың өзінен жылылықтың сезілуі, көктемнің жылы лебі, ұлттық болмыстың көрінісі көзге көрініп тұр. Халықтың көңіл күйі көтеріңкі, ақ пейілмен жаңа жылды қарсы алып жатырмыз, күннің өзі сәйкес келіп тұр деп ойлаймын», – деді философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев.
Ал жастар жағы ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Мәселен, қазақ күресінен 60-қа жуық палуан бақ сынаса, тоғызқұмалақ тақтасында 20-дан астам жеткіншек шеберлік көрсетті.
«Наурыз мейрамына орай спорттық шаралар өтіп жатыр. Халық арасында және кәсіби спортшылар қатысып жатыр. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, гір көтеру, ләңгі тебу, асық ату өте тартысты өтуде», – деді қалалық Дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Еркен Жантуғанов.
Арнайы этноауыл тігілген. Алаңның әр бұрышында тұсаукесер рәсімінен бастап, қазақы салт-дәстүрді дәріптейтін түрлі сайыстар ұйымдастырылды.
– Жылдан-жылға Наурызға аман-есен жете берейік. Балалармен келдік. Өте керемет өтіп жатыр.
– Өтке күшті, ән айтып, би билеп жатыр.
– Керемет! Наурыз – жыл басы, құтты болсын!
– Әр қазақ үйдің алдында ұлттық салт дәстүрімізді дәріптейтін шаралар өтіп жатыр.
– Наурыз мейрамы құтты болсын! Әр отбасына бақыт тілейміз!
Әз Наурыз – өткенге тағзым, ертеңге сенім. Дәстүр-салты сабақтас, дос көңілі одақтас халықтардың қастерлі мейрамы ұлтпен бірге мәңгі жасай бермек.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы,
Оқи отырыңыз: Ең үлкен шаңырақ: Алматыда Наурыз күндері әлемдік рекорд орнатылды