Қазақстан аумағында қызғалдақтың 35-тен астам түрі өседі
Түркістан облысында қызғалдақтарды қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» атты экологиялық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv
Науқанға қатысушылар тау баурайында жайқалған грейг қызғалдақтарын тамашалап, нәзік жаратылысты жан-жақты таспалады. Мамандардың айтуынша, қызғалдақтар тек сұлулығымен ғана емес, бай тарихымен және көптеген ерекшеліктерімен құнды. Қызғалдақтардың отаны ретінде Орталық Азия саналады.
Бүгінде Қазақстан аумағында қызғалдақтың 35-тен астам түрі өседі. Олардың ішінде Грейг, Кауфман және Шренк қызғалдақтары ерекше көз таратады. Соның ішінде 18 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Өңірдегі табиғи паркте қызғалдақтың 6 түрі өседі. Қызыл кітапқа енген Грейг, Кауфман қызғалдағы осы Боралдай аумағында кеңінен таралған.
Тазалық жұмыстары мәдени іс-шараға ұласты. Саф табиғат аясында мерекелік шара өтіп, көрермен назарына әсем әндер ұсынылды. Сондай-ақ мектеп оқушылары топ-топқа бөлініп, сұрақ-жауап ойынына қатысты. Ұлттық ойын көкпар мен аударыспақ сынды спорттық ойындар өткізіліп, қыз-келіншектер дәстүрлі тағамдарды дайындап, ұмыт болған дәмдерді дәріптеді.
Жиын соңында табиғатты қорғау шараларына белсене қатысып жүрген тұлғалар арнайы мекеме тарапынан марапатталды.
Аталған экологиялық акция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Негізгі мақсаты – табиғатты қорғау, қызғалдақтардың маңызын насихаттау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Акция барысында табиғи парк қызметкерлері мектеп оқушыларына қызғалдақтарды жұлмау, сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық үнпарақтар таратылды.
Оқи отырыңыз: Автокөліксіз күн: мұғалімдер жұмысқа велосипедпен келді