«Шұғыла» мөлтекауданында 52 үй әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін салынған
Қызылорда облысында 110 отбасы баспаналы болды. Биыл аймақта тұрғын үйді салу мен сатып алуға 57 миллиард теңгеден астам қаржы қаралмақ. Ал былтыр тұрғындарға 5 мыңнан аса пәтер табысталса, оның 1800-ге жуығы аудан орталықтарында салынған, деп хабарлайы Almaty.tv тілшісі.
Шиелі кенті «Шұғыла» мөлтекауданында 52 үй әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін салынған. Оның алғашқы легі желтоқсанда табысталса, тағы 30 тұрғын жаңа баспананың кілтін алып, қуанышқа бөленді.
«2018 жылдан бастап тіркелдім. Осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрдым. Баршаңызға үй бұйырсын!» – деді тұрғын Меруерт Мейірханова
Баспаналы болу бақыты Жаңақорған жұртына да бұйырды. Ауданда 80 отбасы жаңа үйде қоныс тойын тойлады. Көпбалалы ана Сұлухан Ақшалова 11 жыл бұрын үй кезегіне тіркелген.
«2014 жылы шілдеде кезекке тұрдым. Бүгін баспана алдым, қуаныштымыз! Балалар да қуанып жатыр», – деді көпбалалы ана Сұлухан Ақшалова.
Соңғы жылдары Сыр өңірінде спорт саласына да ерекше екпін беріліп келеді. Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылында тағы бір спорт нысаны жұмысын бастады. Мұнда 200-ге жуық бала үш үйірмеде тәлім алса, жаңадан ауыр атлетика мен бокс үйірмесі қосылмақ. Аядай ауылда ел құрамасына енген гандболшы қыздар жетерлік.
«Гандболмен айналысып жүргеніме 8 жыл болды. Осы уақытқа дейін мектепте кішкентай, тар залда дайындалдық. Қазір 10-сынып оқимын. 7-сыныптан бері «Қайсар» командасында ойнаймын. Ұлттық құрамаға кіргеніме бір жыл болды», – деді «Қайсар» командасының мүшесі Нұрдана Қырғызбай.
Шиелі ауданында күн электр станциясы да іске қосылды. Энергетикалық нысан 40 мегаватт электр энергиясын өндіреді. Инвестициялық жоба аясында 80 гектар аумаққа күн панелдері қойылып, қосалқы станция мен тоқ кернеуін ұлғайтатын трансформатор орнатылған. Мұнда өндірілген электр энергиясы орталық желіге беріледі.
«Күннен алған энергияны бірден жүйеге, ал ол арқылы халыққа, тұтынушыларға жарық беріледі. Проектінің жалпы құны – 11,5 миллиард теңге», – деді күн электр станциясының басшысы Мәди Қырықбаев.
Мамандардың айтуынша, аймақта энергия тапшылығының алдын алу үшін баламалы энергия көздерін дамыту маңызды. Бұл жоба биыл да жалғаспақ. Шетелдік инвестор күн электр станциясының ауқымын кеңейтіп, тағы 20 мегаватт қуат өндіруді жоспарлап отыр.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер: Қазалыда орталық аурухана ғимараты салынып жатыр