Қызылорда облысында күріш орағы басталды
Биыл өңірде 70 мың гектарға күріш егілген
Қызылорда облысында күріш алқабына алғашқы орақ түсті. Күзгі-жиын терім науқаны Ыбырай Жақаев атындағы қазақ-күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының егіс алқабынан басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл өңірде 70 мың гектарға күріш егілген. Бұл өткен жылғы алқап аумағынан 10 900 гектарға аз. «Дегенмен өнімділік жаман емес» дейді диқандар. Биыл шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданды. Нәтижесінде егістік судан тарықпапты.
«Егіс алқабына орақ түсіп, 2026 жылдың егінін төкпей-шашпай, жоғары көрсеткіштерге жетіп, жақсы өнім жинаймыз деген жоспар бар», – деді ¤шаруашылық төрағасы Нұрлан Іздібаев.
«Дала күні» семинарында күріш институтының мамандары жаңа сорттарды таныстырып, озық технологияларды көрсетті. Жергілікті ғалымдар алдағы уақытта тез пісетін «Сыр сұлуы», «Дарын» сорттарын күтіп-баптаудың тиімді тұстарына тоқталып, тәжірибеден өткізуге кеңес берді.
«Суды үнемді пайдалану мақсатында Үкіметтің тапсырмасына сәйкес күріш көлемін 10900 гектарға қысқарттық. Дегенмен де басқа дақылдарды көбейту арқылы жалпы егіс көлемі 7000 гектарға артты. Оның ішінде жүгеріге басымдық беріп көлемін 11 мың гектарға жеткіздік, – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Биыл аймақ диқандары 193 мың гектарға ауыл шаруашылық дақылдарын еккен. Мамандардығ айтуынша, негізгі дақыл күріштің 65 пайызы өте жақсы. Мол өнім ішкі нарықтың сұранысын өтеп қана қоймай 9 мемлекетке экспортталады.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан
Оқи отырыңыз: Жылу, жарық және сапалы су: Алматыда тұрғындарды толғандырған мәселелер қалай шешіліп жатыр