Арал және Қазалы аудандарында 140 отбасыға баспаналы болу бақыты бұйырды
Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандарында 140 отбасыға баспаналы болу бақыты бұйырды. Жаңа тұрғын үйлердің кілті кезегін көптен күткен, баспанаға зәру, әлеуметтік осал топтағы ағайынға табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа жыл қарсаңында Арал қаласының алпыс тұрғыны қоныс тойын тойлады. Баспаналы болғандардың бірі – Бақыткүл Ибраева. Көпбалалы ана алты жыл бойы кезек күтіп, сабырын серік еткен. Үміті ақталып, барлық жағдайы жасалған жайлы әрі жарық үйге кірді. Бұл – бір отбасының ғана емес, тұтас елдің тілегі.
«Рақмет айтамыз! Қуанышымыз шексіз. Жаңа жылдың қарсаңында жаңа қонысқа кіріп жатырмыз. Үй кезегінде тұрған жастарға жұғысты болсын», – деді Арал ауданының тұрғыны Бақыткүл Ибраева.
Қазалылық Салтанат Маханбетова да жаңа жылды өз шаңырағында қарсы алады. 2020 жылы үй кезегіне тіркелген ол бес жылдан соң қуанышқа кенеліп отыр. Үйіне шырша құрып, түрлі ойыншықтармен безендірген көпбалалы ана ұл-қыздарына тосын сый жасады.
«Қуаныштымын, алты балам бар, Құдайға шүкір. Үлкені тоғызыншы сыныпта оқиды. Ең кішкентайы бір жаста. Балаларымның несібесі. Үй керемет!» – деді көпбалалы ана Салтанат Маханбетова.
Бұл күні Салтанат секілді 80 тұрғын жаңа пәтердің кілтін алды.
Әйтеке би кентінде бой көтерген тұрғын үйлер көпбалалы, жалғызбасты және мүгедектігі бар азаматтарға арнап салынған. Былтыр мұндай санатта аудан бойынша 148 пәтер берілген. Сыр өңірінде соңғы жылдары құрылыс қарқын алған. Әсіресе, тұрғын үй құрылысына басымдық берілген. Соңғы үш жылда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Мүгедектігі барларға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар 10 пайыз өседі