Қызымды өлтіре жаздады: мегаполистегі жеке емханалардың біріндегі медбике 10 есе артық көлемде екпе салған

19.02.2026 20:28

Шағымды жоққа шығарған медициналық мекеме қызметкердің тағайындауларға өз бетінше өзгеріс немесе түзету енгізбегенін алға тартты

«Бір жастағы қызымды өлтіре жаздады». Алматылық тұрғын осылай деп шырылдап жүр. Оның сөзінше, мегаполистегі жеке емханалардың біріндегі медбике энтеровируспен ауырған балақайға анықтамада тағайындалған мөлшерден 10 есе артық көлемде екпе салған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

7 ақпанда бір жасар Сафияның ішек жолдарына вирус түсіп, педиатрдың көмегіне жүгінген. Дәрігер «Церукал» иньекциясын тағайындапты. Бүлдіршіннің анасы екпені салдыру үшін басқа жеке емханаға барған. Жәбірленушінің айтуынша, мейірбике белгіленген дозадан он есе артық мөлшерді қолданды. Бала екпеден соң үш сағат ұйықтап, оянған соң құсып, жылай беріпті. Ақырында Сафия бес күн бойы ауруханада ем алған. Ал білікті мамандар екпенің мұндай мөлшері балаларды тіпті ажал құштыратынын айтқан.

«Мейірбике екі ампуласын ашып жатты. Екі ампуласын ашып, салғаннан кейін мен 4 мл емес, 0,4 деп жазылып тұр ғой» деп ескерттім. Ол кісі «физраствормен араласқан кезде 4 мл болады, ал 0,4  әсер етпей қалады» деді. Бала қатты жылай бастады, тамырын дұрыстаппаған болар деп ойладым, сосын үйге кеттік», – деді баланың анасы Назерке Ержан.

«Церулин негізінде көп құсып, жүрек айнығанда әр жасқа әртүрлі миллилитрмен тағайындалады. 4 миллилитріңіз кішкентай балаға өте көп», – деді фельдшер Арман Есман.

Ал екпені салған медициналық ұйымның өкілдері «ем-шара науқастың ата-анасы ұсынған нұсқау бойынша тәжірибесі көп мейіргердің атқаруымен жасалды» дейді. Шағымды жоққа шығарағн олар қызметкердің тағайындауларға өз бетінше өзгеріс немесе түзету енгізбегенін алға тартты.

«Дозалар көлемі басқа медициналық ұйымның дәрігері тағайындаған анықтамаға сай салынды. Процедуралар санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып жүргізілді. Процедураны жүргізу және аяқтау сәтінде бала қалыпты жағдайда болды, ал препарат он есе артық мөлшерде енгізілгені туралы ақпарат нақты деректермен расталған жоқ. Аталған жағдайдың мәнжайын жан-жақты және объективті қарау мақсатында медициналық орталықта қызметтік тексеру жүргізілді», – деді «Эмирмед city» ЖШС өкілі.

Ал медициналық ұйым қажет болған жағдайда уәкілетті органдардың ресми сұрауы бойынша барлық қажетті құжат пен бейнебақылау жазбаларын ұсынатынын айтты. Бірақ жәбірленушінің анасы әлі де дәрігерлерді кінәлайды. Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы арыз да жолдап қойған.

Айдана Шалқар, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Қарасай ауданында егде жастағы әйелді қаңғыбас ит талап тастады