Қабырғасы құлаған мектеп: Қостанай облысында мердігер жөндеу жұмысынан бас тартты

05.08.2025 15:03

Білім басқармасы мектептің оқу жылына 72 пайызға дайын екенін айтты

Былтыр Қостанай облысы Новонежин елдімекеніндегі қабырғасы құлап түскен мектептің жыры әлі бітер емес. Бұл жолы білім ордасына күрделі жөндеу жүргізіп жатқан мердігер компания шаруаны аяқтаудан түбегейлі бас тартып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

Апатты жағдайдан кейін Новонежиндегі мектепті нығайтуды былтыр маусымда қолға алған мердігер компания шаруаны әлі күнге дейін бітпепті. Тіпті аяқтаудан бас тартып отыр. Мамандар мекеме қабырғалары қайта сыланып, ретке келтірілгенімен ұзаққа бармайтынын айтты. Өйткені 50 жыл бұрын ғимаратты тұрғызарда сапасыз материалдар қолданылған. Енді компания сотқа шағым түсіріп, келісімшартты бұзуды талап етіп отыр.

«Ғимарат өте ескі. Жөндеу жұмыстарын жүргізгенімізбен, ұзаққа шыдамайды. Оған былтырғы апат дәлел. Бұған дейін жүргізілген жұмыстар сапасыз орындалған. Құрылыс жүргізу технологиясы ескерілмеген. Біз тапсырыс берушіге жағдайды түсіндіріп, нысанның қауіпсіз емес екенін ескерттік. Мұндай жауапкершілікті мойынымызға ала алмаймыз», – деді мердігер компанияның директоры Анатолий Громченко.

Мердігер компанияның ескертуін әкімдік елемей отырған көрінеді. Білім басқармасы мектептің оқу жылына 72 пайызға дайын екенін айтты.

Ғимаратты нығайту жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілді, сараптамадан өтті. Жобаға енгізілген барлық өзгерістер техникалық қадағалаумен және тапсырыс берушімен келісілді. Жұмысты аяқтауға кедергі жоқ. Сондықтан, алаңдауға да еш негіз жоқ», – деді Әулиекөл ауданы білім бөлімінің басшысы Досбол Құсайынов.

Ал ауыл тұрғындары қабырғасы құлап қалған мектепке қанша жерден күрделі жөндеу жүргізілсе де, балаларын оқытудан бас тартып отыр.

«Білім бөлімі «бәрі жақсы» дейді. Бірақ ата-аналарда күмән бар. Мердігер компанияның өзі құрылыс жұмыстарына сенімсіздік білдіріп тұрса, біз қалай балаларымызды сеніп тапсырамыз? Былтырғы жағдай қайталанбасына кім кепіл?» – деді Новонежин ауылының тұрғыны Анна Гасанова.

«Баламды мектепте оқытпаймын. Білім бөліміндегілер кепілдік бере ме? Ертең қабырғалар баламның төбесіне құлап кетсе, кім жауап береді?» – деді Новонежин ауылының тұрғыны Әсия Гасанова

Айта кетейік, білім ордасының қабырғасы былтыр күзде жөндеу жүріп жатқан кезде құлаған болатын. Апаттан кейін аудандық білім бөлімі ғимаратқа сараптамалық зерттеу жүргізіп, мекемені нығайтуға болатынын жеткізген. Алайда бұған тұрғындар да, мердігер компания да күмәнмен қарап отыр. Енді олар тәуелсіз сараптама тағайындауды сұрайды.

Диана Тұрлыбек, Елисея Томашевская

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында ірі көлемде есірткі сақтаған тұрғын ұсталды