Қабырғасын сындырды: полицейлер несиесін төлей алмаған әйелді үйінен мәжбүрлеп шығарған

Үйден шығару ісіне қатысты кезекті сот отырысы 15 қазанда өтеді деп жоспарланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қабырғасын сындырды. Алматы облысында полицейлер пәтерін кепілге қойып, несиесін төлей алмаған егде жастағы әйелді үйінен мәжбүрлеп шығармақ болғанда ауыр жарақаттады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде полиция қызметкерінің қарт адамды қатыгездікпен пәтерден шығарып жіберген бейнежазбасы тарады. 77 жастағы зейнеткер тепе-теңдік жоғалтып, салдарынан қабырғасымен баспалдақтың темір тұтқасына соғылған. Оқиға 4 күн бұрын Өтеген батыр ауылында болды. Жәбірленушінің жақындарының сөзінше, тәртіп сақшыларының бірі әйелді қатты итеріп жіберген. Алайда пәтерден мәжбүрлеп шығару туралы сот шешімі шықпаған, үйге тек мөр басылған қағаз жапсырылған.

«Желкемнен ұстап, далаға шығарып жіберді. Күшпен итеріп жібергенде баспалдақтың темір тұтқасына соғылдым. Білмеймін, сол уақытта есімнен танып қалған шығармын», – деді жәбірленуші Есбала Сиранова.

Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, оқиға орнында тек үш полиция қызметкері мен прокуратура өкілі болған. Заңгерлер «мұндай шаруа сот орындаушысының қатысуымен атқарылуы тиіс» дейді.

«Бүгінде аталған мүлікке қатысты ешқандай шешім шыққан жоқ. Жеке сот орындаушысының әрекетіне қатысты шағымданып отырмыз. Әділет департаменті оның жұмысынан олқылықтар байқады. Алайдатікелей қадағалайтын өңірлік палата мұны есепке алудан бас тартып отыр. Біз бұл мәселені соңына дейін жеткізіп, әділ шешім шығаруға атсалысамыз», – деді жәбірленуші тараптың заңгері Руслан Мұхамеджанов.

Алайда Полиция департаменті өзге ақпарат айтып отыр. Айтуынша, тәртіп сақшылары жеке сот орындаушыларының қатысуымен әрекет еткен.

«Әйел адам мемлекеттік қызметкерлердің заңды талаптарына бағынбай, нәтижесінде жанжал шыққан. Әрине, полиция қызметкерінің істегеніне де жол беруге болмайды. Бұл оқиға бойынша қызметтік тексеріс басталып, кінәлілер қатаң жауапқа тартылады. Тергеу барысын қадағалап отырмын», – деді Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев.

Тергеу амалдары аяқталғанға дейін зейнеткер ем алады. Жәбірленуші тарап құқықтарының бұзылғанын алға тартып, қарт адамға жасалған қиянат әділ бағалануы тиіс екенін айтты. Ал үйден шығару ісіне қатысты кезекті сот отырысы 15 қазанда өтеді деп жоспарланған.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда үшінші қабаттан секіріп кеткен сарбаздың жағдайы белгілі болды

Новости партнеров