Қарасай шекара бөлімінде қайтыс болған сарбаздың денесі туған жеріне жеткізілді

Ата-анасы Нұрасыл Ануарұлының менингиттен қайтыс болғанына сенбейді 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тағы да сарбаз өлімі. Күні кеше Алматы облысына қарасты Қарасай шекара бөлімінде әскери борышын өтеп жатқан 19 жастағы жігіт көз жұмды. Алдын-ала мәлімет бойынша, азамат менингиттен қайтыс болған. Алайда, Нұрасыл Ануарұлының ата-анасы бұған сенбейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нұрасыл 10 күн бұрын Отан алдындағы борышын өтеуге асыға аттанған. Алайда 1 аптадан соң әкесіне хабарласып, қиналып жүргенін жеткізген.

«Әке оңай емес» деді. Мен қайдан білейін, шыда балам» дедім. Оның соңғы  сөзі болды», – деді марқұмның әкесі Әнуар Қыдырәлиев.

Қайғылы хабар марқұмның жақындарына кеше таңертең жеткен. Жауаптылар Нұрасылдың қызуы көтеріліп, бірнеше рет жедел жәрдем шақырғанын айтқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жігіттің өліміне менингит себеп. Алайда туыстары бұған күмәнмен қарайды.

 «Аяғымен кетіп, енді артынан қайғылы хабар келіп жатыр. Мен оған сенбеймін. Денсаулығы жақсы адам бір күнде менингиттен өліп қалады дегенге сенбеймін. Қанша мақсаты бар еді, бір аптаның ішінде бәрі үзілді де кетті. Аяғымен кеткен бала еді», – деді марқұмның әкесі Әнуар Қыдырәлиев.

«Іскери бөлімге барсам, мәйітті аудандық ІІД алып кеткен, онда барсам, мәйітханаға алып кетті» дейді. Ал мұнда келмеген. Мәйітхана сағат 9:00-де келдім. Ал денесін сағат түсте жеткізді. Бес сағаттың ішінде олар не істеді, не қойды. Келгеннен кейін де 1 сағат бойы көрсетпеді. Сағат екіге таман ғана денесін көрдім», – деді марқұмның ағасы Еркін Аблах.

Аталған факті бойынша Алматы қаласы Наурызбай ауданының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Ал облыстық шекара қызметі департаментіндегілер қатардағы жауынгердің денесінде ұрып-соғу іздері болмағанын алға тартып отыр.

«Сараптама бойынша, негізгі алдын-ала диагнозы – жоғарғы ағзаның улануы. Ешқандай жарақат алу, ұрған-соққан белгілер анықталмады. Қосымша тексерістер жүргізіледі. Сондықтан, басқа ақпарат жарияланбайды», – деді  Шекара қызметі департаменті бастығының орынбасары Серік Төлеуханов.

Десе де, марқұмның туыстары ұлдарының ауырып қайтыс болды дегеніне сенбейді. Сондықтан, олар оқиғаның жай-жапсарын анықтап, әділ тергеуді талап етеді. Бүгінде жігіттің денесі туған жеріне жеткізілді.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Қабырғасын сындырды: полицейлер несиесін төлей алмаған әйелді үйінен мәжбүрлеп шығарған

Новости партнеров