Тарихи ойын бүгін Астана уақытымен 21:45-те басталады
Көптен күткен кездесу! Жергілікті «Қайрат» пен әлем футболының алыптары саналатын «Реал Мадрид» арасындағы ойынға санаулы сағаттар қалды. Астана уақытымен 21:45-те басталатын матчты қазірдің өзінде мыңдаған жанкүйер тамашалауға жиналыпты.
Almaty.tv тілшісі Орталық стадионнан тікелей байланысқа шығып, ондағы атмосфераны бөлісуге дайын.
Алматыдағы 23 мың 800 жанкүйерді құшағына сыйдыратын Орталық стадионда атмосфера ерекше. Тарихи ойынға шамамен үш сағат қалса да, жанкүйерлердің қарасы қалың. Сары-қара түсті формаларын киіп, қолдарына шарф алып, әндетіп, футбол мерекесін бастап та кетті. Екі команда тарихта алғаш рет кездескелі отыр.
Айтпақшы, бүгін стадион лық толады. Себебі билеттер небәрі төрт сағаттың ішінде сатылып кеткен. Дәл қазір өздеріңіз көріп тұрғандай жанкүйерлердің көңіл-күйі керемет! Оларды сөзге тартсақ. Бүгінгі ойыннан не күтесіздер? Көңіл күйлеріңіз қалай?
БЛИЦ:
«Көңіл-күй тамаша! «Қайратқа» жанкүйерміз!»
«Қайратқа» сенем! Есеп 5:3 болады!»
«Қайратқа жанкүйер болып келдік»
Тарихи ойында италиялық мамандар төрелік етеді. Ал қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері мен 300 ұлттық ұланның сарбаздары жұмылдырылған.
«Қайрат» академиясының еріктілері жанкүйерлерге бағыт-бағдар беріп, өз секторларына отыруға көмектесуде. Ал стадионға жетуді ыңғайлы ету үшін қаладағы негізгі нүктелерден тегін автобустар қарастырылған.
Сонымен қатар Абай, Байтұрсынұлы және Сәтбаев көшелері ішінара жабылады. Айта кетейік, «Реал» бұған дейін чемпиондар лигасында Марсельмен кездесіп, 2-1 есебімен тізі бүктірген. Ал Қайрат Португалиялық Спортингтен 4-1 есебімен жеңілді. Бүгінгі ойында қандай есеп тіркелетіні алда өтетін жарыста анықталмақ.
Чемпиондар лигасының корольдері саналатын Реал Мадрид өз тарихында ең ұзақ сапар жасап, 6500 мың шақырымды еңсерді. Жұлдызды Винисиус Джуниор, Мбаппе, Родриго сынды аяқдопшыларын алып келген. Сондықтан барлығымыз «Қайратқа» бірге жанкүйер болайық! Сәттілік тілейік! Ал сіздер сағат 21:45-те басталатын ойынды тікелей эфирден тамашалай аласыздар. Бірге қолдау білдірейік, жеңісті күндерде жолыққанша.
Оқи отырыңыз: