Тарихи ойын бүгін Астана уақытымен 21:45-те басталады
Жылдың басты спорттық оқиғасы. Бүгін Алматыда жергілікті «Қайрат» футбол клубы мадридтік «Реалды» қабылдайды. Маңызды матчтың басталуына санаулы сағаттар қалды.
Almaty.tv тілшісі Орталық Стадионның дайындығын бақылап келді.
Тарихи матч қарсаңында Оңтүстік Астанадағы атмосфераны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Билет іздеген, матчты көргісі келген халықтың саны есепсіз. Тіпті шетелден келген қонақтардың қатары 5 мыңға жуықтаған. Сарапшылардың айтуынша, бұл қала қазынасына 4,8 миллиард теңгеге дейін пайда түсіріп, ел туризміне серпін береді. Қауіпсіздік шаралары да күшейтілген. Стадион аумағы арнайы қоршаумен бекітіліп, бақылау-өткізу бекеттеріне металл детекторлар орнатылған. Бұл – әр жанкүйерге жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша бір ғана билет қағидатын қатаң ұстанудың кепілі. Сондай-ақ стадион аумағында 5 жедел жәрдем бригадасы мен өрт сөндіру қызметі кезекшілікке кіріскен.
Айта кетейік, жанкүйерлер Орталық Стадионға үш негізгі кіреберіс арқылы кіре алады. Олар Абай даңғылы, Сәтбаев және Байтұрсынұлы көшелері бойындағы қақпалар. Қолдаушылардың жолын жеңілдету үшін арнайы тегін автобустар қарастырылған. Қала әкімдігінің дерегінше, матч басталғанға дейін және аяқталғаннан кейін орталық стадионнан негізгі бағыттар бойынша тегін автобус маршруттары жүреді. Барлығы 60 автобус жолға шығып, 6 түрлі қаланың негізгі нүктелеріне қатынамақ. Бұған қоса, қала метросының жұмысы сағат 01:00-ге дейін ұзартылды. Ал Орталық Стадион тарихи матчты қабылдауға сақадай-сай. Алаң халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді, мұнда жарық беру жүйесі мен инфрақұрылым да мұқият тексеруден өткен. Стадионның ішкі безендірілуіне айрықша мән беріліп, трибуналар жаңғыртылды. Алматы қаласының сәулеттік келбетіне үйлесімді жаңа көркем суреттер салынды. Жанкүйерлерге қолайлы жағдай жасау үшін 1,5 мыңнан астам орындық ауыстырылып, санитарлық тораптар жөнделді, сондай-ақ қосымша 60 биодәретхана орнатылды.
«УЕФА-ның арнайы мамандары келіп, футбол алаңына жан-жақты мониторинг жүргізді. Газонды тексеріп, қажетті сынақтардан өткізді. Нәтижесінде олар өте жоғары баға беріп, алаңның толық дайын екенін растады. Айта кетейін, стадиондағы ойын алаңының өлшемі – 105-те 68 метр. Бұл – УЕФА-ның төртінші санаттағы стадиондарға қоятын басты талаптарына толық сәйкес келетін көрсеткіш», – деді Орталық стадионның басқарушысы Ерлан Адамбеков.
Айта кетейік, тарихи ойын бүгін Астана уақытымен 21:45-те басталады.
Оқи отырыңыз. "Қайрат"-"Реал: өнер мен мәдениет өкілдері тарихи матч алдында үндеу жасады