Қайтарылған активтер: Сыр өңіріндегі 4 ауданда жаңа ғимарат салынып жатыр

Бұл құрылыстарға 7 миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қайтарылған қаражат елдің қажетіне жарады. Сыр өңірінде Президент тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтқан активтер есебінен 4 ауданда жаңа ғимарат салынып жатыр. Бұл құрылыстарға 7 миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соңғы үш жылда облыстың денсаулық сақтау саласына 441 млрд 700 млн теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді. Президент бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 28 медициналық нысан салынды. Сегіз ғимарат Шиелі ауданында бой көтерген.

«Қайтарылған активтер есебінен 7 млрд теңгеге 4 аудандағы орталық ауруханалар жанынан жаңа ғимараттар салынуда. Ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды.Өткен жылдан бері 4 млрд 300 млн теңге қаражатқа 17 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, халықтың игіліне қызмет етуде», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Жалпы құны 2 миллиард 300 миллион теңгеге Шиеліде 30 төсек-орындық жұқпалы аурулар бөлімшесі жұмысын бастады. Ал аудандық аурухананың қосымша ғимаратына 733 миллион теңге қаржы жұмсалса, енді оған 650 миллион теңгеге жаңа МРТ аппараты орнатылады.

«Бұл –  3 млрд теңгеге еліміздегі арнайы қартарылған активтер есебінен салынған бірден-бір ірі нысан. Қазалы мен Жаңақорған ауданында орталық аурухана жанынан қосымша ғимарат арқылы инсультті және кардиологиялық науқастарға тиісті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік жасалады. Ал Арал ауданында қосымша жаңа инфекциялық бөлімше түсетін болады», – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов.

Өңірде саланы дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылған. Мәселен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыс орнап, екі жылда 5 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталған. Бұл сирек кездесетін дертке шалдыққан науқастарға едәуір көмек болып отыр.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Балалар купесі бар пойыз: жолушылар тағы бір вагон қосуды ұсынды

Новости партнеров