Қайтарылған активтер: Ұлытау облысында 7 денсаулық сақтау нысаны салынды

27.09.2025 11:18

Құрылысқа Арнаулы мемлекеттік қордан 880 млн теңге бөлінді

primeminister.kz

Президент тапсырмасы бойынша Ұлытау облысында қайтарылған активтер қаражаты есебінен 7 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді, деп хабарлайды  Аlmaty.tv ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше мән беріп отыр. Облыста азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен денсаулық сақтау нысандары құрылысына Арнаулы мемлекеттік қордан 880 млн теңге бөлінді.

Заңсыз иемденілген активтерден түскен қаражат «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 7 нысанның құрылысына жұмсалды.

«Атап айтқанда, Ақтүбек және Кеңгір ауылдарында жаңа екі дәрігерлік амбулатория бөй көтерді.

Сондай-ақ Бетбұлақ, Пионер, Қорғасын, Айнабұлақ және Егінді ауылдарында бес медициналық пункт салынып жатыр», - делінген хабарламада.

Нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Аталған жобаларды жүзеге асыру ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін жақсартады және Ұлытау өңіріндегі денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға маңызды қадам болмақ.

Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер: Ақтөбе облысындағы ауылдарда медициналық мекемелер ашылды