Алматының Бостандық ауданында референдумға дауыс беру қалай өтіп жатыр

06.10.2024 12:41

Бірінші келгендер мен алғаш рет дауыс бергендерге сыйлықтар табысталды

Алматыда 600-ден астам референдум учаскесі жұмыс істейді. Дауыс берушілердің алғашқы легі сағат 7.00-де келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Аlmaty.tv тілшісі сайлау учаскелерінің біріне барып көрді. 

Сағат таңғы 7.00-ден есігін ашқан орынның бірі – №265 учаске. Бостандық ауданы Ораз Жандосов атындағы мектепте орналасқан. Мұнда жалпы 1677 дауыс беруші тіркеліпті. Тұрғындардың алғашқы легі өз таңдауын жасап үлгерген. Ерекше қажеттілігі бар жандар үшін де жағдай жасалып, олар үшін арнайы кабина дайындалған. Сондай-ақ бірінші болып келгендер мен алғаш рет дауыс берген азаматтарға арнайы сыйлықтар да табысталды.

«Бізде алғаш келіп жатқан, 18 жасқа енді толғандарға кітап, блокнот немесе шоколад түрінде, қарт кісілерге, отбасымен келгендерге шай, т.б. сыйлықтар беріліп жатыр», - деді учаске төрағасы Гүлзада Бапова.

Сондай-ақ тұрғындар сағат 12.00-ге дейін таңдауын үйде жасауға өтініш бере алады. Учаске мүшелері мұндай азаматтардың үйлеріне өздері барады.

Жалпы енді дауыс беруге келіп жатқан азаматтар аз емес. Олардың қатарында жасы да, жасамысы да бар.

«Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мен өз таңдауымды жасадым. Өйткені бұл – менің азаматтық парызым. Қазақстандықтарды өз дауысын беруге шақырамын», - деді қала түрғыны Нұргүл Бейімбетқызы.

Оқи отырыңыз: Заңбұзушылық тіркелген жоқ: Қазақстанда референдум қалай өтіп жатыр