Қала келбеті: Алматыда 700-ден аса техника төрт мезгіл тынымсыз қызмет етеді

Ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерінен бөлек, оны баптап, жай-күйін бақылап отырған мамандар да ортақ іске үлес қосады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тазалық – тәртіп пен төзім жемісі. Алматының ажарын келтіріп, көркейтуге қысы-жазы тынбай жұмыс істейтін жандар атсалысатыны белгілі. Олардың әр қимыл-қозғалысы қаланың тынысымен үндескен. Ал одан бөлек, 4 мезгіл бойы қала көшелерін мыңдаған техника тазалайды. Ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерінен бөлек, оны баптап, жай-күйін бақылап отырған мамандар да ортақ іске үлес қосады.

Almaty.TV-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны қызметкерлердің бір күніне арналады.

Алматыда жазда көше жуатын, күзде жапырақ жинайтын, қыста қар тазалап, жол ашатын 700-ден аса техника бар. Күні-түні қаланың ажарын келтіріп, жинақы болуына көмектесетін жүк көліктерінің, тіпті қолайсыз ауа райында да іске сақадай сай тұруы өте маңызды. Ал сол техниканың тілін меңгерген, жай күйін бақылап, ақауы болса, бірден табатын мамандар қоғам үшін аса қажет. Тәжірибесі мол, салаға еңбегі сіңген жанның бірі –  «Алматы тазалық» мекемесінде 8 жылдан бері жұмыс істейтін Данияр. Таңғы сғст 8:00-ден білек сыбана қызметке кірісетін ол, ауыр жүк көлігінің қозғалтқышындағы кем-кетікті жояды, толық тексерістен өткізеді.

«Көліктің дөңгелегін, тежегішті жасаймыз. Ақаудың алдын аламыз, күн суықта техника жүруі керек. Қазан айына дейін дайындаймыз. Қыста сынады, кішігірім бұзылады, соларды жөндеп отрмамыз», – деді мекеме қызметкері Данияр Нүсіпәлиев.

Кішкентайынан техникаға жақын өскен кейіпкеріміз, бұл цехқа табандылығының арқасында ауысқан. Басшысы бойындағы жауапкершілік қасиетін бағалап, маңызды істі сеніп тапсырыпты. Өйткені, шаһар тазалығы – қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын қызметкерлердің қажырлы еңбегінен басталады. 

«Жұмыстың ыңғайын білсеңіз ауыртпалығын сезіне қоймайсыз. Мамандар өз жұмысын жақсы біледі», – деді Данияр Нүсіпәлиев.

Білікті маман білгенін бөлісуге де дайын. Көргені мен түйгенін жастарға үйретуге әзір. Биыл колледжді тәмамдаған студенттердің бір легі мекемеде тәжірибе жинап та үлгерген. Ал сол арада 40-тан аса техниканың қозғалтқышы да жөндеуден өткен екен. 

Мекемеге тиесілі техниканың бүгінде 60 пайызы жаңартылған. Олар еуро-4 және еуро-5 санатына сай келеді. Жүк көлігінде тазалық жұмысының сапалы орындалуы үшін қажетті функцияның барлығы бар. Техника сенсор арқылы басқарылады және бейне бақылау жүйесімен қамтылған. Ал ең бастысы, жүргізуші үшін барлығы ыңғайлы. Неге десеңіз, желдеткіш жүйесі істейді, ал рөлі автокөліктікінен де жеңіл. 

«Биыл 12 техника жаңадан келді. 7 тиегіш, 3 қар тазартқыш көлік алынды. ҰАК маңын біздің техникалар қызмет етеді», – деді мекеменің бөлім басшысы Нұржан Ибраев.

Данияр Нүсіпәлиевтің 40-қа жуық әріптесі бар. Берекелі ұжым кез келген техниканы жұмысқа жарамды етеді. Бастысы, мекемедегі әрбір қызметкер кәсібіне адал және өз ісін жүрек қалауымен атқарады.

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алматыда «Denis Ten Memorial Challenge 2025» халықаралық турнирі салтанатты түрде ашылды

Новости партнеров