Оқушы жемеген тағам қалдығы 30 пайыздан асса, ас мәзірден алынады

03.10.2025 21:05

Елдегі 6 мен 9 жас аралығындағы әрбір бесінші бала семіздікке шалдыққан

Елдегі 6 мен 9 жас аралығындағы әрбір бесінші бала семіздікке шалдыққан. Бұл туралы Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Ақкүміс Салханова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сөзінше, семіздікке тосқауыл қоймаса, 2035 жылға қарай артық салмағы бар балалар мен жасөспірімдер саны 2 миллионға жуықтайды. Салдарынан болашақта жастар қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да созылмалы ауруларға шалдығуы әбден мүмкін.

Ақкүміс Салханова «мәселе экономикаға да әсер етеді» дейді. Дүниежүзілік семіздікке қарсы федерация артық салмақ Қазақстанның жалпы ішкі өнімін жыл сайын 2-2,5 пайызға дейін төмендетуі мүмкін деп болжап отыр.

Сондықтан да елімізде мектептердегі тамақтану стандарты қолға алынған. Ол халықаралық және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сүйеніп әзірленген. Басты мақсат – оқушылардың дәмді, денсаулыққа пайдалы тамақтануын қамтамасыз ету. Осы бағытта жаңа құралдар да енгізіліп жатыр. Мәселен «желінбей қалған тағам» индексі бекітілген. Яғни, енді қандай да бір тамақтың түрін балалар жемейтіні анықталса, мәзірден ол ас алынып тасталынады.

«Желінбей қалған тағам» индексі – балалардың ыдысында қанша тағам қалатынын көрсететін көрсеткіш. Егер бұл көрсеткіш 30 пайыздан жоғары болса, мәзірге өзгеріс енгізу қажет деген белгі. Мұндай тәсіл тамақтану жүйесін ашық әрі басқаруға ыңғайлы етеді. Тамақтану стандарты –тек мәзірге қойылатын жаңа талап емес, сонымен қатар балалардың тамақтануын ашық, қолайлы әрі пайдалы етуге көмектесетін заманауи құралдар жиынтығы», – деді Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Ақкүміс Салханова.

Оқи отырыңыз: Алматы қаласының әкімі мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтады