Экологтар қаладағы өндірістік аумақта күкірт сутегінің шамадан тыс асып кеткенін айтып, дабыл қағып жатыр
Атырау ауасы адам төзгісіз жағдайға жетті. Қазір мұндағы азаматтар түтінге тұншығып, қан қысымының көтерілуіне жиі шағымданатын болған. Балалардың да жағдайы жақсы емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атыраулықтардың тынысы күннен-күнге тарылып, ауа жұту арманға айналып барады. Қазір жұрт сыртқа тек бетпердемен шығатын болған. Іші өтіп, құсып жатқан бала көп, ал үлкендер көбіне қан қысымының күрт жоғарылағанына шағым айтады. Әсіресе, түс пен түнгі уақытта жағдай ушыққан.
Айта кету керек, тұрғындар бұл ретте қамсыз отырған қала билігіне ашулы.
Қаладағы жағдайға басты себеп — Ақжайық табиғи резерватындағы қамыс өрті. Төтеншеліктердің бес күн бойы аумақтағы қызыл жалынды өшіре алмай жанталасып жатыр. Апат мыңға жуық гектарды алған. Ал экологтар қаладағы өндірістік аумақта күкірт сутегінің шамадан тыс, яғни шекті нормадан 11 есеге асып кеткенін айтып, дабыл қағып жатыр.
«Тексеріс барысында қаланың аймағында АНПЗ-ның қасында және булану алаңында күкіртсутегінің 10-11 есе артуы орын алды. Бірақ нақты кәсіпорындардан деп айта алмаймыз. Тексеріс нәтижесінде белгілі болады. Сереводород адам денсаулығына, ағзасына зиянды. Сондықтан қауіпті. Экология департаментінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов.
Ал дәрігерлер ауадағы күкіртсутек алдымен тыныс алу жүйесіне әсер ететін айтты. Мұндай уақытта адамдарда жөтел, көздің ашуы, бас ауруы сияқты белгілер байқалады. Сонымен қатар аллергиялық реакция мен демікпе, әлсіздік секілді белгілер болуы мүмкін.
«Күкірттің адам организміне әсері өте көп. Соның ішінде тыныс алу жүйесіндегі бронх, астма секілді ауруларға әкелуі мүмкін. Уланған жағдайда адам есінен танып, басы айналып, әлсіздік симптомдары пайда болуы мүмкін. Науқас уланған жағдайда қасында дәрігер болмаған жағдайда ең бірінші таза ауаға шығуы керек», – деді жалпы тәжірбиелік дәрігер Құндыз Ахметова
Мамандардың сөзіне сенсек, аумақта кемі үш өрт ошағы бар. Арақашықтығы 10-15 шақырымдық жерге жылдам жетіп, жұмыс істеу де оңай емес көрінеді. Әзірге тонналап су шашып, тікұшақ жұмылдырған төтеншеліктердің жұмысында нәтиже жоқ.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Петропавлда туған әпкесін балағаттаған тұрғын он күнге қамалды