Қаныш Сәтбаев және қазақ руханияты: 5 томдық академиялық шығармалар жинағы жарық көрді

20.06.2025 15:08

Іс-шараға ғалымдар мен зерттеушілер, қоғам қайраткерлері мен мәдениет саласының өкілдері қатысып, көрнекті тұлғаның өнегелі өмірін саралады

Алматыда қазақ ғылымының негізін қалаушы, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 5 томдық академиялық шығармалар жинағының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Геологтың 125 жылдығы аясында қолға алынып, бүгінде жарық көрген құнды басылым көпшілікке «Қаныш Сәтбаев және қазақ руханияты» атты ғылыми-теориялық конференция барысында таныстырылды. Аталған жинаққа академиктің еңбектері, публицистикалық толғамдары, эпистолярлық мұрасы мен бірегей қолжазбалары, сондай-ақ фотосуреттер қоры енгізілген.

Қоғам зиялылары «қазақ халқына қазына болған мұраның басылып шығуы – ұлттық ғылым мен руханият тарихындағы елеулі оқиға» деп бағалады.

«100-ден аса элемент болатын болса, соның барлығы қазақ жерінде табылды. Соның кең көздерінің барлығын Қаныш бастаған ұжым ашты. Ал геолог ағаларымызбен бірге мысты есептегенде Қазақстанға 100 жылда 200 миллиард доллар табыс келген», – деді  «Қ. И. Сәтбаев халықаралық қоры» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы.

Іс-шараға ғалымдар мен зерттеушілер, қоғам қайраткерлері мен мәдениет саласының өкілдері қатысып, көрнекті тұлғаның өнегелі өмірін саралады. Сондай-ақ конференция аясында сәтбаевтанудың қазіргі жай-күйі мен келешегі, ұлттық ғылым мен мәдениеттің дамуындағы Қаныш Сәтбаев тұлғасының қайраткерлік, ғалымдық, ұстаздық рөлі, академиялық жинақ дайындаудың классикалық мектебі және заманауи стандарттар тақырыптары талқыланды.

«Бүкіл өмірінде 800-дей еңбек жазған. Ол – әлемге әйгілі геолог. Сондықтан 800 іргелі еңбектің Әуезов институты дайындаған академиялық томда гуманитарлық ғылымдарға байланысты терең зерттеулері жинақталған. Әр мақаласында үлкен ойлар айтылған», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов.

Оқи отырыңыз: Cу үнемдеу технологиясы: өңірлерде қандай шаралар атқарылуда