Қарағанды мен Жезқазған арасындағы тасжол қашан жөнделеді

20.05.2025 21:34

Өңірдегі жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына бюджеттен 800 млн теңге бөлінген

Ұлытау облысының басты мәселесі – асфальт. Қарағанды мен Жезқазған арасындағы тас жол адам шошырлық күйге түскен. Көлігі мен төзімінен қатар айырылған жүргізушілер жылдар бойы жалғасқан мәселенің шешімін сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Қарағанды – Жезқазған тасжолы ел үшін маңызды көлік дәлізі, бірақ қазіргі күйі жұртты әбден қажытқан. Жол шұрық-тесік, көлікпен жүру – сынақпен тең. Ал мұның зардабын ең алдымен тұрғындар мен жүргізушілер тартып отыр.

«Қарағанды – Жезқазған трассасының жолы өте нашар, жүру мүмкін емес. Машинамыз сынады, оған қаншама қаржы саламыз», – деді көлік жүргізушісі Бекайдар Ембергенов.

«Жол нашар, шұңқырға түстім. Дөңгелектің дискісін майыстырдық. Айтасың, бірақ жол жөнделмейді», – деді көлік жүргізушісі Қайрат Иманбеков.

Мына жолмен жүру үшін көлігіңіз ғана емес, төзіміңіз де мықты болуы керек. Ал Қарағанды мен Жезқазған арасындағы бұл бағытта асфальт мүлдем жоқтың қасы. Күн сайын жүздеген адам осы жолмен жүреді, алайда жөндеу жұмыстарының нақты мерзімі әлі белгісіз. Тұрғындардың айтуынша, аталған мәселе жыл сайын көтеріледі, бірақ нақты шешім қабылданбаған. Салдарынан такси жүргізушілері бағаны шарықтатуға мәжбүр, ал ол тұрғындардың қалтасына салмақ.

«Біз пойызбен жүруге мәжбүр болдық, себебі қазір жолдың сапасыздығына байланысты таксидің бағасы қымбаттаған. Ол қарапайым халыққа қиындау болып тұр. Таксистерді де түсінемін, бала шағасын асырау үшін, жолдың сапасыздығына байланысты бағаны көтеріп жіберді, – деді жолаушы Жұлдыз Төлегенова.

Күн сайын жүздеген көлік жүретін жолдың нашарлығы қозғалыстың қауіпсіздігіне де әсер етіп жатыр. Асфальт жамылғысы тозған бұл республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы шамамен 520 шақырым. Ал мұнда соңғы рет күрделі жөндеу 10 жыл бұрын жасалыпты. Жалпы өңірдегі жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына бюджеттен 800 млн теңге бөлінген.

«Жезқазған мен Қарағанды екі ортасына қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі деген жоспар бар. Екінші санаттағы жол салынады. Оның конкурстық документтері келесі айдың аяғына қарай аяқталады, одан кейін 2-3 айдың ішінде мердігер анықталады. Келесі жылы ма, одан арғы жылы ма жаңарту жұмыстары жасалады», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ұлытау облысы филиалы директорының орынбасары Ертай Тайжанов.

Жол – тіршіліктің күретамыры. Алайда Қарағанды – Жезқазған тас жолы жылдар бойы жөндеуді күтіп, әзірге нәтижесіз жұмыстың көрінісіндей болып тұр. Жауапты орындар да іс жоспарланғанымен, аталған аумақ бүгін-ертең қалыпқа келеді деп дөп басып айтпады.

Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Оқу орнына сеніп, ҰБТ тапсырмадық: орталыққа сенген ата-ана сан соғып қалды