Полиция департаментінде аталған дерекке қатысты іс қозғалды
Алматыда оқу жылы аяқталған тұста «балам шетелде білім алады» деп үміттенген ата-аналар сан соғып қалды. Жарнамасы жер жарған мекеме еш ескертусіз жабылып, қыруар қаржы төлеген түлектердің үміті ақталмады. Компания басшылығынан еш жауап ала алмаған жұрт редакциямызға хабарласып, көмек сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – екі жыл бұрын жалпақ жұртқа жар салып ашылған оқу орнының бүгінгі көрінісі. Жарнамасы жалынды, уәдесі ұшан-теңіз, шетелдің жеті бірдей елінен шақырту әперіп, Гарвардқа дейін жеткізетін, былайша айтқанда, көк аспаннан жұлдыз әперуге сөз берген компания есігі бүгінде мөрленген. Ал оларға сеніп, перзентінің болашағы үшін барын тіккен ата-ана бармақ тістеп, бірнеше миллион берешекпен қалып отыр.
«Көпбалалы анамын, несие алып, оқуға тапсырайын деп жатырмын. Балам шетелге толық грантқа түсетініне кепілдік бересіздер ме?» дедім. Кепілдік беретінін айтты. 1 миллион 400 мың теңге төледік», – деді қала тұрғыны Мақпал Иманғалиева.
Орталыққа келген тәлімгер бір жыл үшін толық төлем жасауы керек екен. Ал оқу құны бір балаға кемі 1,5-2 миллион теңге. Екі-үш баласын қатар тіркегендер де бар. Ең сорақысы, мекеменің уәдесіне сенгендер ҰБТ-дан бас тартып, тестілеуге дайындалмаған. Ал жеме-жемге келгенде, түлектер жоғарғы оқу орнына мүлдем түсе алмауы әбден мүмкін.
«Мен ҰБТ-ға тапсыртпағанмын. Өйткені ағылшын тілін оқытып, оқу орталығы арқылы шетелге барады деп жобаға сендік. «Бәрін түсіреміз 7 мемлекеттен шаөырту келеді. ҰБТ-ға тапсырудың қажеті жоқ» деді. Бес қызымның үлкені ғой. Ата-аналар қыркүйектен бері шулап жүр екен», – деді қала тұрғыны Жанат Кәрменова
Мекемеге кіру мүмкін емес. Үш айға жуық оқу орталығының есігі тарс жабық. Сырты мөрленген, кіруге болмайды деп тұр. Ата-аналардың сөзінше оқудың тоқтатылуы жайлы оларға ешкім алдын-ала ақпар бермеген. Ең қызығы күні кешеге дейін компания курстарын сатып, ата-аналардан ақша алуын жалғастырған.
Оқу орталығы Алматы, Астана, Ақтау қалаларында ашылған. Мегаполисте 2 кеңсесі болған. Қазір мекемеден ақшасын ала-алмай жүрген жұрттың саны 300-ге жуық. Бұл – тек Алматыдағы халық. Бұдан бөлек компания қызметкерлеріне де тиісті ақысы бірнеше ай бойы төленбеген көрінеді.
«Түсіндіріп, үйретеді, бірақ мұғалімдерімізге жалақыа төленбегенін білдік. Олар 2-3 ай, кейбірі жарты жылдай ақы алмаған. Жұмыстан шыққаннан кейін, бізді оқытатын ешкім болмаған соң «Ғасыр» жабылды», – деді оқушы.
Жиналған ата-аналардың сөзінше, компанияның бастапқы директоры осыдан біраз уақыт бұрын мекемені басқа тұлғаға рәсімдеп, жауапкершіліктен қашпақ болған. Түсірілім барысында бірнеше нөмірге хабарласып, бастықтармен тілдеспек болдық, бірақ тұтқаны ешкім алмады.
Қазір қалалық Полиция департаментінде аталған дерекке қатысты іс қозғалып үлгерді.
«Қылмыстың бәрі бір қылмыстық іске бірігіп, Әуезов аудандық Полиция департаментіне қарасты полиция бөлімінде аса ірі алаяқтық дерегі бойынша тергелуде», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ата-аналардың ендігі талабы – ақшаның қайтарылуы немесе алғашқыда уәде етілгендей, перзенттерін оқуға түсіруге септесу. Ал уақытын жоғалтқан түлектер енді шетелге тапсыруға үлгермеуі де мүмкін. Олар «сеніп тапсырған болашақ бұлдырап, үміт те үзілуге шақ қалды» дейді.
Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметхан