Қарағанды облысында ер адам бір үйір жылқыны аяусыз атып тастаған

10.10.2025 18:41

Ақ адал малынан айырылған ауыл халқы күдіктіні жауапқа тартуды талап етіп жатыр

Қарағанды облысында бір үйір жылқыны аяусыз атып тастаған тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оқиға Заречное ауылының маңында болған. Сондағы шаруа қожалық иесі егістікке тап берген 17 бас жылқыны көлікпен қуалап жүріп, оққа ұшырған. Артынша қарулы фермер шұғыл ізін суытыпты. Жылқылардың он төрті бірден өлген көрінеді.

Айдың-күннің аманында ақ адал малынан айырылған ауыл халқы күдіктіні жауапқа тартуды бірауыздан талап етуде. Жағдайға қатысты "бөтеннің мүлкін қасақана жою" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.  

«Нұра ауданының 53 жастағы тұрғыны күдікті ретінде анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір барлық мән-жай толық әрі объективті анықтау үшін тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», - деді Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Оқи отырыңыз: "Апасы тізерлеп жалынған": Жамбыл облысында 6 жастағы бала ауруханада қайтыс болды