Пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл өтсе де, кешендегі жөндеу жұмыстары аяқталмаған
"Баспана айналасындағы мәселе – мұңға айналды". Қарағанды облысындағы тұрғын үй кешенінің жұртшылығы осылай дейді. Жергілікті халықтың сөзінше, үй жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген нұсқасына сәйкес келмейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – «Kausar» тұрғын үй кешеніндегі алтыншы подъездің сұрықсыз сиқы. Сатып аларда жобадан мүлдем басқа сызбаны байқаған тұрғындар, шын мәнінде өзгеше көрініске тап болған. Пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл өтсе де, кешендегі жөндеу жұмыстары әлі толық аяқталмаған. Есіктері сапасыз, баспалдағы жүруге жарамсыз үйді тіпті, қабырғаларында да жарықшақтар пайда бола бастаған. Ал жергілікті жұрттың мазасын қашырған мәселенің бірі – пәтер ішінің суық болуы. Ауаның ылғалдылық деңгейі 82 пайызды құрайды. Жертөленің ылғи су астында қалатыны, желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі әсер етеді.
Тұрғындарды тоқ кернеуінің 267 вольтке дейін жететіні де алаңдатып отыр. Себебі соның кесірінен баспана иелерінің тұрмыстық техникалары жанып кетеді. Ашынған ағайын «мәселені тез арада шешіп бермесе, өрт қаупі күшеймесе, тоқтамайды» дейді. Ал электр қуаты өшсе, жылумен жабдықтау сорғысы да қоса ажыратылады. Осыған байланысты пәтерлерде жылу да болмай қалатын көрінеді.
"Мәселенің барлығын айтып, ескерттік. Алайда еш нәтиже жоқ. Желдету мәселесі бар деп айттық. Түк те істеген жоқ. Бір жылдан бері құрғақ уәдеге тойдырып келеді. Баяғы жартас – сол жартас", – деді қала тұрғыны.
Мәселе мұнымен бітпейді. Тұрғын үй кешенінің аумағы да құжаттамаға сай емес. Ауланың қоршауы қойылмаған, жарнамада көрсетілгендей автотұрағы салынбаған. Эвакуация кезінде шығатын есік саны да тек біреу.
"Техникалық өрт қауіпсіздігі бойынша 6 подъезде, 9 қабатты үйде кемінде екі кіреберіс болуы керек. Мұнда кіреберіс пен шығаберісте жоқ. Бастапқы жоба бойынша мұның барлығы болуы керек", – деді Қарағанды қаласының тұрғыны Кристина Седяева.
Құрылысқа жауапты компанияның басшысынан жағдайдың жай-жапсарын біліп, көруге тырыстық. Маман жөндеу жұмыстары осы жылдың соңына дейін бітеді деп сендірді.
"Кіреберісті күрделі жөндеу жылдың соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ тұрғындарға барлық кіреберіске толық жөндеу жүргізуге уәде бердік. Жұмыс 2-қабаттан 10-қабатқа дейін жасалып жатыр", – деді құрылыс компаниясының басшысы Вероника Воронина.
Жауапты компания электр энергиясына қатысты мәселе жақын арада шешілетінін де айтты. Олар үйде автоматтандырылған жылу пункті орнатылғанын жеткізді. Енді энергия беруші ұйымнан келетін жылу тұрғындарға беріледі. Осылайша батареядағы қысымды төмендетуге болатын көрінеді. Ал тұрғын үй кешені аумағының бастапқыдағы жобамен сәйкес келмейтінін компания өкілдері растады. Құрылысқа жауаптылар жыл соңына дейін барлық міндеттерді орындайтынын жеткізді.
Жанбота Бейсембайұлы, Айнұр Бексұлтанқызы, Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: республикалық барлық жол көлік қозғалысы ашылды