Қарағандыда қоршаған ортаны ластаған кәсіпкерге 7 млн теңге айыппұл салынды

21.06.2025 14:58

Өз кезегінде құқық бұзушы кінәсін мойындамады

Аlmaty.tv

Қарағандыда кәсіпкерге қоршаған ортаны ластағаны үшін 7 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экологиялық заңнаманың сақталуына тұрақты негізде мониторинг жүргізген Қарағанды облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы 8 ай бойы II санаттағы нысандар үшін экологиялық рұқсатсыз мұнай өнімдерін сақтаумен және сатумен айналысқан ірі кәсіпорындардың бірін анықтады.

«Бұл экологиялық заңнаманы бұзу саналады (Экологиялық кодекстің 106 және 120-баптары) және соның салдарынан атмосфераға көлемі 90 тоннадан асатын ластаушы заттардың шығарындылары түскен», - делінген хабарламада.

Қадағалау органы кәсіпорынға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғап, материалдар Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды.

Өз кезегінде құқық бұзушы өз кінәсін мойындамады.

Іс барлық 3 сатыдан өтіп, тек Жоғарғы Сот қана түпкілікті нүкте қойды - кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 7 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.    

Оқи отырыңыз: Алматыда тағы бір бағытта жаңа электр автобустары пайдалануға беріледі