Құдықтан 2 адамның денесі табылды: жауапты кәсіпорын жерлеу шығынын мойнына алатынын жеткізді

23.07.2025 15:25

«Қарағанды Су» кәсіпорнының жұмысшысы құрылғыларға тексеріс жасап жүріп, кәрізге түскен

Қарағандыда құдықтан екі ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға Фёдоровка ықшамауданындағы сорғы стансасы аумағында болған.  «Қарағанды Су» кәсіпорнының жұмысшысы құрылғыларға тексеріс жасап жүріп, кәрізге түскен, кейіннен жағдайы күрт нашарлап кеткені анықталды. Оны құдықтан шығармақ болған әріптесі де артынан түсіп, есінен танып қалған. Алдын ала болжам бойынша, екі азамат улы газдың әсерінен тұншыққан. Қазір арнайы комиссия құрылып, оқиғаның жай-жапсары тексеріліп жатыр. Полиция қылмыстық іс қозғады. Ал жауапты кәсіпорын марқұмдарды жерлеуге кететін шығынды мойнына алатынын жеткізді.

«2025 жылғы 21 шілдеде Қарағанды қаласы, Молдағұлова көшесі 2/3 мекенжайында орналасқан №3 кәріздік сорғы станциясында сорғы агрегаттарына тексеріс жүргізу кезінде Болотин М.И. қалқыманы түзету мақсатында құдыққа түскен. Сол жерде оның кенеттен жағдайы нашарлап кеткен. Оны құдықтан шығару үшін Макеев Е.Н. артынан түсіп, екеуі де есінен танып қалған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі зардап шеккендердің қайтыс болғанын анықтады», – деді «Қарағанды Су» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Әйгерім Мұхтар.

Қайғылы жайт елдегі өндірістік қауіпсіздік мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың алғашқы 6 айында өндірістегі жазатайым жағдайлардан 584 адам зардап шегіп, 77 жұмысшы мерт болған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай көрсеткіш қауіпсіздік талаптарының сақталмауы мен қатері жоғары аймақтарда жұмыс істейтін мамандардың қорғаныс деңгейінің төмендігін айқындап отыр.

Оқи отырыңыз: Жетісулық дәрігерлер өрттен жеті адамды құтқарды