Облыста қазақ тілін дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды
Қарағандыда мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған ауқымды серіктестік бастау алды. Облыс әкімдігі, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы және Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат қазақ тілін насихаттау, жастардың рухани және мәдени тәрбиесін күшейту жолындағы маңызды қадам болмақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Меморандум аясындағы әріптестік мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, жаңа бірлескен жобаларға жол ашады. Осы арқылы Қарағандыда алғаш рет облыстық «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы өткізілмек.
«Тұлпар мініп, ту алған» жобасы, өздеріңіз білетіндей, биыл Тілдер күніне орай жарияланған болатын. Бүгінгі таңда оған еліміздің 13 өңірінен 4 мыңға жуық бала қатысып отыр. Бұл жоба, бір жағынан, қатысушы балалардың мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін арттырып, тіл байлығын кеңейтуге бағытталса, екінші жағынан, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятып, Қазақстанның тарихын тереңірек тануға мүмкіндік беретін маңызды бастама», – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында өтеді. Сайыскерлер жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасындағы «Бөгенбай батыр» жырын жатқа оқып бақ сынайды. Байқауға 324 мектептен 4138 оқушы қатысып отыр.
«Біздің ойымызша, мектеп қабырғасында, балабақшалар мен өзге де оқу орындарында қазақ тілін оқыту дәстүрі мен әдістемесі жетілмейінше, мемлекеттік тілді өз тұғырына көтеру ісінде айтарлықтай ілгерілеу болмайды. Сондықтан «Тұлпар мініп, ту алған» атты тамаша бастама аясында мектеп оқушыларын баулып, тәрбиелеп, тілге деген сүйіспеншілігін арттырып жүрген мұғалімдер мен ұстаздарды қолдау — біз үшін аса маңызды», – деді «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Меморандум аясында Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті байқау жеңімпазына оқу грантын ұсынады. Ал оның ұстазына — «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы атынан автокөлік сыйлауды көздеп отыр.
«Мемлекеттік тіл саясатын дамыту және оны жүзеге асыру бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылып келеді. Біздің университетімізде 30 жылдан астам уақыттан бері Қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті кафедрасы жұмыс істейді. Ал аталған «Тұлпар мініп, ту алған» байқауын ректор қолдап отыр, жеңімпаздарға міндетті түрде гранттар тағайындалатын болады. Болашақта да осындай игі бастамаларды қолдауды жалғастырамыз. Қол қойылғалы отырған меморандум да осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамытуға жол ашады деген сенімдеміз», – деді Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің проректоры Алмас Орынбеков.
Бұл меморандум Қарағанды облысында қазақ тілін дамыту мен жастардың рухани тәрбиесін күшейту жолындағы маңызды қадам болды. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің айтуынша, мемлекеттік тілдің беделін арттыруға бағытталған бірлескен жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды
Оқи отырыңыз: Жылдар бойғы еңбектің жемісі: Алматы зообағында амур жолбарысы мен ақ қасқыр күшіктеді