Қарағандыда сабақтан қалған жасөспірімді сот арнайы мектепке жіберуден бас тартты

14.11.2024 14:39

Колледж студенті 71 жастағы науқас әжесіне күтім жасаған

Photo by Tingey Injury Law Firm on Unsplash

Қарағанды ​​облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты полицияның 16 жастағы жасөспірімді 1 жылға ​​арнаулы білім беру ұйымына жіберу туралы арызынан бас тартты,  деп хабарлайды Аlmaty.tv облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицияның арызында Қарағанды ​​агротехникалық колледжінің 16 жастағы 2-курс студентінің сабаққа бармауы, ата-анасының ұлына тәрбие бермеуі, оған көңіл бөлмеуі және оқуын қадағаламауы туралы айтылған.

Сот анықтағандай, студент 71 жастағы науқас әжесіне күтім жасауына байланысты сабаққа расымен бармағанын және білім алғысы келетінін растаған.

"Жасөпірім бейресми табысының бір бөлігін әжесіне беріп, қалғанын үй қажеттіліктеріне (отын мен көмір сатып алуға) және киім-кешекке жұмсаған. Сондай-ақ есепте тұрмаған, қаңғыбастық, алкогольдік ішімдіктерді немесе есірткі заттарын тұтыну фактілері байқалмаған, қоғамдық тәртіпті бұзбаған, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, полициялық есепте жоқ", - делінген сот хабарламасында.

Ата-анасы бала тәрбиесіне көңіл бөлмеген және оған қамқорлық көрсетпеген, олар басқа қалада тұрады.

Жасөспірімнің анасына “Кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу, оқыту және бағып-қағу бойынша өз міндеттерін орындамаған ата-ана» санаты бойынша есепке алынып, алкогольдік ішімдіктерді ішкені және ата-анасының баланы тәрбиелеу, оқыту және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылды.

Студенттің әкесі ата-ана ретінде ұлына дұрыс көңіл бөлмегені үшін кінәсін мойындап, басқарманың мәлімдемесімен келіспейтінін білдірді.

Прокурор арыздан бас тарту туралы шешім қабылдады.

Осыны ескерген сот полиция басқармасының арызын қанағаттандырудан бас тартты.

"Алдағы уақытта кәмелетке толмағандардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында уәкілетті органдарға арнайы ұйғарым шығарылды. Сот әлеуметтік және отбасын дамыту ұйымдарымен бірлесіп кәмелетке толмағанды ​​кешкі мектепке қабылдау шараларын қабылдады", - делінген сот хабарламасында.

Шешім заңды күшіне енді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері қанша болды