Қарағандыда тұрғын үйден өрт шығып, екі бала қаза тапты

09.01.2025 15:58

Өрт шатырды және үйдегі жиһаздарды шарпыған

Қарағандыда жеке үйлердің бірінде өрт шығып, 2 және 4 жастағы балалар көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Болжам бойынша, оларға иіс тиген. Тағы 7 және 9 жастағы жеткіншектер сыртқа өздері шығып үлгерген. Бірақ олар да көмірқышқыл газымен уланған. Қазір қос бала ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың жағдайы қалыпты. Өрт сөндірушілер сондай-ақ оқиға орнынан 1964 жылы туған әйелді құтқарған. Кейіннен анықталғандай, ол балалардың әжесі екен. Ал ата-анасы жұмыста болған. Тілсіз жау баспананың 50 шаршы метр аумағын шарпыған. Төтеншеліктердің айтуынша, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шығуы мүмкін.

"Өкінішке қарай, екі баланың денесі табылды. Оларды біз медициналық қызметке бердік. Ол кісілер барынша олардың өміріне араша түсіп, алып қалуға тырысты. Бірақ екі бала қаза тапты. Қазіргі уақытта өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, сараптамалар тағайындалды", – деді ТЖД басшысының орынбасары Думан Дәлешов.

Оқи отырыңыз: Былтыр арнайы құрылғысы бар алаяқтарға көмек көрсеткен 20 адам ұсталды