Еңбек адамы: Фельшердің мақсаты – науқастың психологиясын игеру

09.01.2025 16:53

Еңбегі жиі бағалана бермейтін фельдшерлер – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі

Фельдшерлік қызмет – денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыттың бірі. Алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, емдеудің барлық сатысында науқастың басы-қасында жүретін мамандардың орны айрықша. «Биыл  –жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған Мемлекет басшысы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауға шақырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы қалалық № 12 емханасының қызметкері Қайсар Талғатұлы бала күнінен фельдшер болуды асқақ арман еткен. Бүгінде өзі таңдаған кәсібі бойынша жұмыс істеп жүргеніне 2 жылдан асқан. Тез әрі дұрыс шешім қабылдау қабілеті кәсіби тұрғыда маңызды деген маман иесі жауапкершілік жүгі ауыр екенін алға тартты.

"Ауылдың фельдшерінен мотивация алып, әрі қарай мен де фельдшер боламын деп арманыма қол жеткіздім деп ойлаймын. Менің қағидам, фельшердің мақсаты – науқастың психологиясын игеру. Жағдайы ауыр науқастарға ең бірінші көмек көсреткім келеді. Сондықтан фельдшер мамандығын таңдадым", – деді № 12 қалалық емханасы дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету кабинетінің фельдшері Қайсар Шәкірбек.

Алғашқы көмек көрсететін мамандық иелерінің әр секунды санаулы. Түрлі апатты жағдайлар кезінде де науқастарға медициналық қызметпен шектелмей, қолдау көрсете білу де маңызды. Әріптестерінің айтуынша, жас маман Қайсар Талғатұлы біліктілігі мен ұқыптылығының арқасында аз уақыт ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп үлгерген.

"Емхананың табалдырығын аттағаннан бері, өз кәсібінің үздік маманы екенін көрсете білді. Қайсар Талғатұлы – әріптестеріне көмегін аямайтын, жұмыс барысында жауапкершілігі өте мол адам", – деді № 12 қалалық емханасы директорының емдеу жөніндегі орынбасары Эльнура Әбесова.

Еңбегі жиі бағалана бермейтін фельдшерлер – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі. Ал бұл саладағы Қайсар сынды табандылығымен көзге түсіп жүрген жас мамандар көпке үлгі.

Жансая Олжабек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Еңбек адамы: шымкенттік шаруа еліміздегі аймақтарды көкөніспен қамтып отыр